Павлодар облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан топтың қылмыстық әрекеті әшкереленді

Коллаж: Polisia.kz.
Павлодар облысында интернет-алаяқтыққа күдікпен төрт адам ұсталды. Полиция әзірге тоғыз жәбірленушіні анықтаған. Оларға келтірілген жалпы шығын шамамен 40 млн теңге болған.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер азаматтардың ақшасын интернет арқылы иемдену үшін өзара келісіп әрекет еткен.
«Полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстады. Бүгінде тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңгені құрайды», – деді Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Тергеушілер әр күдіктінің рөлін және олардың басқа да алаяқтық оқиғаларына қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Полиция жәбірленушілер саны артуы мүмкін екенін хабарлады.
Жалпы, есепті кезеңде Павлодар облысында интернет-алаяқтықтың 1337 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға аз. Өңірде интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33-ке жуық адам ұсталған. Олардың үшеуі – кәмелетке толмаған жасөспірім.
Өңірде жүргізілген жедел іс-шаралар барысында полиция 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысын тәркіледі.


