Астаналықтарға түбіртектегі су есептегішінің көрсеткіштерін нақтылау қажет пе

Фото: Depositphotos
Су есептегішінің көрсеткіштерін уақытында тапсырмаған тұрғындарға төлем орташа тұтыну көлеміне қарай есептеледі. Бұл туралы NoFake.kz редакциясына «Астана су арнасы» МКК мәлімдеді.
Көпшілік коммуналдық қызмет ақысын ай сайын келетін түбіртектегі сомаға сәйкес төлейді. Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының бірі осылайша су үшін артық ақша төлеп келгенін, кейін төлемді қайта есептетіп, 80 мың теңге айырмашылық анықтағанын айтқан.
«Каспиге келіп жүрген коммуналдық төлемдер өтірік екен ғой. Астана қаласында тұрамыз, бізге айына көп болып келіп жүрген. Сөйтсек, енді ай сайынғы есептегіш көрсеткіштерін алып, Астана су арнасына апарып көрсетіп, төлеу керек екен. Бізде артық 80 000 тг жиналып қалыпты. Ол да ақша, ерінбей барыңыздар», — деп жазған желі қолданушысы.

Осыған байланысты редакция тілшісі «Астана су арнасы» мекемесіне хабарласып, мұндай жағдайдың қалай туындайтынын сұрады. Кәсіпорын есептегіш көрсеткіштері уақытында тапсырылмаса, төлем орташа тәуліктік су тұтыну көлемі бойынша есептелетінін растады.
«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 16 қазандағы №441 бұйрығымен бекітілген әдістеменің 14-тармағына сәйкес, тұтынушы есептегіш көрсеткіштерін ұсынбаған жағдайда, қызмет көрсетуші ұйым судың орташа тәуліктік тұтыну көлемі негізінде сараланған тарифтер бойынша есептеу жүргізеді», – делінген кәсіпорыннің редакциямызға берген жауабында.
Яғни тұрғын есептегіш көрсеткіштерін жібермей, түбіртектегі соманы ғана төлеп жүрсе, төлем нақты пайдаланылған су көлемінен өзгеше болуы мүмкін. Мамандар бұл көрсеткіштерді әр айдың 10-ынан соңғы күніне дейін ресми сайтында, 13 02 call-орталығы немесе WhatsApp-Bot, Telegram-Bot қабылдайтынын айтты.
Кейін кәсіпорын мамандары есептегіштің бақылау көрсеткіштерін алған кезде төлем нақты тұтынылған су көлеміне сәйкес қайта есептеледі.
«Егер артық төлем анықталса, қаражат тұтынушының жеке шотында сақталып, келесі төлемдерге есептеледі», – деп түсіндірді мекеме өкілдері.
Ал әлеуметтік желіде айтылған 80 мың теңге артық төлемге қатысты кәсіпорын әзірге нақты қорытынды жасай алмайтынын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде жарияланған 80 мың теңге артық төлем туралы жағдайға қатысты нақты қорытынды жасау үшін тұтынушының жеке шоты, есептегіш көрсеткіштері және төлем тарихы тексерілуі қажет. Кәсіпорын мамандары тиісті тексеру жүргізуге дайын», – делінген ресми жауапта.
«Астана су арнасы» тұрғындарға су есептегіштерінің көрсеткіштерін ай сайын уақытында тапсыруға кеңес береді. Бұл төлемнің нақты тұтынылған су көлеміне сәйкес есептелуіне мүмкіндік береді.


