NoFake

Қарағанды облысында жалған нөмір таққан жүк көлігінің жүргізушісі жазаланды

Фото: Depositphotos

Қарағанды облысында жүк көлігіне жалған мемлекеттік нөмір орнатып алған 35 жастағы жүргізуші ұсталды. Ол қазақстандық нөмірдің үстіне Грузияның нөмірлік белгісін таққан. Сот жүргізушіні бір жылға көлік басқару құқығынан айырды, деп хабарлайды NoFake.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

ІМ мәліметінше, оқиға 7 қазанда Астана – Қарағанды автожолында болған. Сағат 12:30 шамасында полицияға QAJ жүйесі арқылы жалған мемлекеттік нөмірмен жүруі мүмкін жүк көлігі туралы ақпарат түскен.

«Патрульдік полиция қызметкерлері Осакаровка кенті маңында, автожолдың 111-шақырымында DAF жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында оның қазақстандық мемлекеттік нөмірлерінің үстіне Грузияның нөмірлік белгілері орнатылғаны анықталды. 35 жастағы жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 3 және 4-бөліктері бойынша хаттамалар толтырылды. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды. Істі қараған Осакаров аудандық соты жүргізушіні бір жылға көлік басқару құқығынан айырып, әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды»,-делінген хабарламада.

Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жалған нөмір пайдалану көліктің нақты тіркеу деректерін жасыруға бағытталған әрекет екенін айтты.

«Патрульдік полиция қызметкерлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланатын көліктерді анықтауға ерекше мән береді. Бұл жағдайда QAJ жүйесінен түскен ақпарат патрульдік экипаждарға көлікті дер кезінде анықтап, тоқтатуға мүмкіндік берді. Тексеру барысында Қазақстан нөмірлерінің үстіне Грузияның нөмірлік белгілері орнатылғаны анықталды. Мұндай әрекеттер жауапсыз қалмайды», – деді Медет Нұрмұханов.

ІІМ дерегінше, жыл басынан бері Қарағанды облысында жалған мемлекеттік нөмір пайдаланған 87 жүргізуші анықталған. Полиция көліктің тіркеу нөмірін жасыру, ауыстыру немесе жалған нөмір пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Оқу үшін