NoFake

СІМ Непал мен Қытайда жоғалған қазақстандықтарға қатысты ресми мәлімдеме жасады

Фото: Depositphotos

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында қалған қазақстандықтарға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

СІМ мәліметінше, бастапқыда табиғи апат аймағында үш қазақстандық турист жоғалған деп есептелген. Олардың екеуі Непалда, біреуі Қытай аумағында болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Алайда Непалда жоғалды деп саналған азаматтардың бірімен байланыс орнатылған. Оның табиғи апат аймағына барудан бас тартқаны және қазір Қазақстанда екені белгілі болды.

«Қалған екі отандасымыздың тұрған жері әзірге анықталған жоқ. Олардың туыстары анықтауға қажетті рәсімдерден өтті, оның ішінде Непал мен ҚХР-дың құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес, ДНҚ-ны талдау үшін биологиялық материал тапсырды», – делінген министрлік хабарламасында.

Непал билігінің мәліметінше, ел аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың кімге тиесілі екені анықталып жатыр.

Ал Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қытайдың құзыретті органдары мәйіттердің жеке басын анықтау және генетикалық сараптама жүргізу жұмыстарын атқаруда. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың отбасыларымен тұрақты байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп жатыр.

Оқу үшін