Қазақстандықтар өздеріне қай ұйым қоңырау шалып тұрғанын көре алады

Depositphotos.com
Қазақстанда заңды тұлғалардан түсетін қоңырауларды таңбалау жүйесі енгізіледі. Мәселен, банк, дүкен немесе емхана бейтаныс нөмірден хабарласса, телефон экранында сол ұйымның атауы көрінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
«Байланыс операторларының Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді. Заңды тұлғалардан түсетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі. Абонент телефон экранынан өзіне қай ұйым қоңырау шалып тұрғанын көре алады. Ұялы байланыс нөмірін тіркеген кезде абонент биометриялық аутентификациядан өтуі керек», – деді Мәдиев.
Телекоммуникация комитетінің түсіндіруінше, мұндай белгі тұрғындарға ұйымдардан түскен ресми қоңырауларды күмәнді қоңыраулардан ажыратуға көмектеседі. Жаслан Мәдиев жүйенің барлық абонентке қашан қолжетімді болатынын нақтыламады.
Министр телефондарды тексеру тәртібі де нақтыланғанын айтты. Оның сөзінше, құрылғының IMEI-кодын тексеру арқылы елге заңсыз әкелінген телефондар мен коды өзгертілген құрылғыларды анықтауға болады.


