NoFake

Желідегі жазбадан манипуляция мен қысымды қалай танимыз

Желідегі жазбадан манипуляция мен қысымды қалай танимыз

Фото: NoFake.kz.

«Осы жазбаны бөліспесең, еліңе жаның ашымағаны». Бір сөйлемнен кейін оқырманның алдында тұрған сұрақ өзгереді. Әуелі ол «Бұл ақпарат рас па?» деп ойланса, енді «Бөліспесем, жұрт мені қалай түсінеді?» деп алаңдайды. NoFake.kz тілшісі филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және түркітану департаментінің қауымдастырылған профессоры Гүлнәр Әбілдақызы Омарбековамен желіде сөз арқылы қалай қысым жасалатыны және оның адамның шешіміне қалай әсер ететіні туралы сөйлесті.

Гүлнәр Әбілдақызы. Фото: NoFake.kz

Жазбаны бөліспеу неге елге жаның ашымағандық болып шығады?

– Гүлнәр Әбілдақызы, желідегі жазбаның авторы оқырманды өз пікірімен келістіруге тырысады. Қай тұста бұл манипуляцияға айналады? Оның тілдік агрессиядан айырмасы қандай?

– Алдымен сөздің кімге бағытталғанына және сол адамнан не талап етіліп тұрғанына қарайық. «Сенің пікірің ешкімге керек емес!» деген адам қарсы тарапты кемсітіп, сөзін құнсыз етіп көрсетеді. Бұл – тілдік агрессия. Ал «Бәрі осылай ойлайды, сен неге келіспейсің?» дегенде басқа тәсіл бар. Мұнда адамды көптің пікіріне қосылуға итермелейді. «Бәрі» деген кімдер, олар неге солай ойлайды деген сұрақ ашық қалды. Есесіне, келіспеген адам өз ұстанымын ақтауға тиіс сияқты.

Манипуляцияның бір ерекшелігі – адамға ықпал етудің көздеген мақсаты бірден байқала бермейді. «Егер мына жазбаны бөліспесең, еліңе жаның ашымайды деген сөз» деген мысалды алайық. Сіз жазбадағы дерекке күмәндануыңыз мүмкін. Бірақ автор оны талқылаудың орнына отаншылдығыңызды алға тартады. Сөйтіп, сіз ақпараттың растығына көзіңіз жеткендіктен емес, елге жаныңыз ашитынын дәлелдеу үшін оны таратып жіберуіңіз мүмкін. Агрессия мен манипуляция кейде осылай қатар жүреді. Адамды кемсіту арқылы да одан өзіңе керек әрекетті талап етуге болады.

– Мұндай қысым көбіне қандай сезімдерге сүйенеді? Оны жазбадағы қай сөзден байқаймыз?

– «Егер мұны таратпасаң, жақындарыңа қауіп төнеді!» деген хабарламаны оқығанда адам алдымен жақындарын ойлайды. Ал «Нағыз адам болсаң, міндетті түрде көмектесер едің!» деген сөз адамның намысына тиеді, көмектеспегені үшін өзін кінәлі сезіндіреді. Бірінде қорқынышты, екіншісінде аяушылық пен кінә сезімін пайдаланады. Кей жазба оқырманның ашуын қоздырып, мәселенің анық-қанығына жетпей жатып біреуді айыптауға итермелеуі мүмкін.

Мұнда «егер», «міндетті түрде», «нағыз адам болсаң» деген тіркестердің қалай байланысқанына мән берген жөн. «Көмектесе аласыз ба?» деген өтінішке адам шамасына қарай жауап береді. Ал «Нағыз адам болсаң, көмектесер едің» дегенде көмектесу-көмектеспеу кісілігіңнің өлшеміне айналып кеткен. Манипуляцияны тану үшін «Менен не сұрап тұр? Келіспесем, мен туралы қандай қорытынды шығаратынын алдын ала айтып қойды ма?» деп ойланған дұрыс.

«Бәрі осылай ойлайды» дегенде кімнің пікірі айтылып тұр?

– «Бүкіл халық қарсы», «елдің бәрі наразы», «мұны бізден әдейі жасырып отыр» деген тіркестердің ықпалы неде?

– Бірнеше адамның наразылығын көріп, «осы адамдар қарсы» десек, кім туралы айтып тұрғанымыз түсінікті. Ал «бүкіл халық қарсы» дегенде сол пікірді айтпаған адамдарды да оған қосып жібереміз. «Қазіргі жастардың бәрі жалқау» дегенде де бір адамның мінезі тұтас буынға телінеді. «Бәрі», «ешкім», «әрқашан», «ешқашан» деген сөздер кездессе, мұндай қорытындыға қандай дерек негіз болғанын сұрау керек.

«Мұны бізден әдейі жасырып отыр» деген сөйлемде негізгі салмақ «әдейі» деген сөзге түседі. Бізге әлдебір мәліметтің жетпегені рас болуы мүмкін. Бірақ оны біреу қасақана жасырды деу үшін бөлек дәлел керек. «Ғалымдар дәлелдеген», «мұны бүкіл әлем біледі» деген тіркестер де дәлелдің орнын басып кетеді. Қай ғалымдар? Қандай зерттеу? Бастапқы дереккөзін көре аламыз ба? Тексерілмеген мәліметті анықталған факт ретінде ұсынғанда, оған қосылған беделді атау оқырманның күмәнін басуға қызмет етеді.

– Кейде қысым бір ауыз сұрақтың өзінде тұрады. Сұрақтың астарына жасырылған айыпты немесе оқырманға таңылған таңдауды қалай аңғарамыз?

– «Сіз қашаннан бері өтірік айтуды әдетке айналдырдыңыз?» деген сұрақты алайық. «Қашаннан бері?» дегенге жауап бере бастасаңыз, өтірік айтуды әдетке айналдырғаныңызды мойындағандай боласыз. Тіл білімінде мұны пресуппозиция дейді. Бұл мысалда дәлелдеуді қажет ететін айып сұрақтың ішіне екеуіңіз де келіскен тұжырым сияқты кіріп кеткен. Мұндайда әңгімені «Менің қай сөзім шындыққа жанаспайды? Оны қандай дерек көрсетеді?» деген сұраққа қайтаруға болады.

«Не бізбенсің, не бізге қарсысың» дегенде де жауаптың шекарасын сөйлеуші өзі сызып береді. Сіз оның бір пікірімен келісіп, екіншісіне қарсы болуыңыз мүмкін. Шешім шығаруға ақпаратыңыз жеткіліксіз болуы да мүмкін. Ал сөйлемде осы мүмкіндіктердің бәрі алынып тасталған. Мұны жалған таңдау дейміз.

Тағы бір тәсіл – әңгімені басқа мәселеге бұру. Сіз белгілі бір оқиғаға қатысты сұрақ қойдыңыз делік. «Алдымен басқа мәселені шешіп алайық, сосын бұны айтарсың» деген жауап әлгі сұрақты талқылаусыз қалдырады. Ал бір оқиғаның белгілі бір қырын алға шығару фрейминг деп аталады. Мысалы, бір журналист «Азаматтар өз пікірлерін білдірді» деп жазса, екіншісі сол жиынды «Азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзды» деп сипаттауы мүмкін. Оқырманға екі сипаттаманы да бағалауға мүмкіндік беретін дерек қажет. Адамдар не үшін жиналды? Не істеді? Тәртіп бұзылды деуге қандай негіз бар?

Пікірталас қай кезде жеке басқа тиісуге ұласады?

– Ал пікірталастың тілдік агрессияға ауысқанын қайдан байқаймыз? Ол үшін міндетті түрде балағат сөз айтылуы керек пе?

– Ең айқын белгілерінің бірі – талқының тақырыптан адамның жеке басына ауысуы. Сіз пікір айттыңыз, ал жауапқа «Сен өзің кімсің? Алдымен сауатыңды ашып ал» деген сөз естідіңіз. Қай тұста қателескеніңіз сол күйі айтылмады. «Сенің қолыңнан ештеңе келмейді!» деген сөз де нақты әрекетке баға берудің орнына адамның қабілетін тұтас жоққа шығарады. Ал «Осындай адаммен қалай сөйлесуге болады?» деп көпке қарата жазса, адамды жұрт алдында мазаққа қалдыруы мүмкін.

Ашық агрессия балағаттаудан, адамның сырт келбетіне, ұлтына, тіліне, жынысына немесе әлеуметтік жағдайына тиісуден көрінеді. «Аузыңды жап!» деп бұйыру мен «Өкініп қаласың» деп қоқан-лоқы көрсетудің де мақсаты – қарсы тарапты сескендіріп, сөзін тоқтату. Жазбаша пікірде дауыс ырғағын кейде бас әріп пен тыныс белгісі береді. «НЕГЕ ТҮСІНБЕЙСІҢДЕР?!» деген сөйлем айқайлап айтылғандай естіледі. Дегенмен жалғыз леп белгісіне қарап қорытынды жасамаймыз. Оның кімге, қандай жағдайда, қандай сөздермен бірге жазылғаны маңызды. Жасырын агрессияны тану қиынырақ. «Керемет айттың!» деген сөз шын мақтау болуы мүмкін. Артынша «Сенен басқа ешкім мұндай ақымақ пікір айта алмайды» десе, алғашқы сөйлемнің де мағынасы өзгереді. «Сізден басқаны күтпеп едік» деген сырттай сыпайы тіркес те контекске қарай адамды кемсітуі мүмкін. Ал әдейі тиісіп, ашулы жауапқа тарту – арандату. Оған өзгелер қосылып, бір адамды қайта-қайта нысанаға алса, пікірталас жаппай мазақ пен қудалауға ұласады.

– Бір адамға айтылған ауыр сөз қай кезде тұтас топқа қарсы өшпенділік тіліне айналады? Зерттеуіңіздегі «қатты», «орташа», «жұмсақ» деңгейлер нені білдіреді?

– Мұнда сөздің ауырлығымен қатар, адамның қандай белгісі үшін нысанаға алынғанына қараймыз. Біреудің сөзіне «орысқұл», «мәңгүрт», «шала қазақ» немесе «сатқын» деп жауап берсе, оның дәлелі талқыланбай қалады. Әңгіме «Не айтып тұр?» дегеннен «Бұл өзі кімнің жағында?» дегенге ауысады. Ал бір халықты не әлеуметтік топты жануарға, ауруға немесе «қоқысқа» теңеу адамның қадір-қасиетін жоққа шығарады. Мұны дегуманизация дейміз.

Зерттеуде өшпенділік тілінің қатты, орташа және жұмсақ көріністері қарастырылады. Қатты түрінде этностық, діни не тілдік белгісіне қарап ашық қорлау бар. Мысалы, зерттеу материалдарында ұлтты кемсіту үшін айтылған «қара қытай» тіркесі, адамға қарата қолданылған «шошқа», «баран» сияқты теңеулер кездеседі. Соғыс туралы пікірлерде де қарсы жақты кемсітетін «лаптеногие», «кастрюлеголовые» тәрізді атаулар қолданылады.

Қоғамдағы стеротиптер туралы

– «Шенеуніктің бәрі жемқор», «дәрігерге ақша бермесең, дұрыс қарамайды», «мемлекеттік арналар шындықты айтпайды» деген сияқты стереотиптер қалай қалыптасады және осындай қатып қалған түсініктерді қозғауға, басқа қырынан қарауға мүмкіндік бар ма?

– «Дәрігерлер ақшасыз қарамайды» деген адамнан «Өзің дәрігерге барғанда қалай болды? Барған сайын сенен ақша сұрады ма?» деп сұрар едім. Бір адам басынан өткен жағдайды айтса, оны тыңдайық. Бірақ сол бір сөйлем бүкіл дәрігерге қатысты айтылғанда, қаншама адамның еңбегіне тіл тиеді.

Өзіме жақын бір мысал айтайын. Назарбаев Университеті туралы «Онда тек қалталылардың балалары оқиды» дегенді естимін. Ал мен қарапайым отбасынан шыққан студенттерді көріп жүрмін. Арасында үш-төрт жыл ағылшын тілін оқып, кейін бейіндік пәндерін де ағылшынша меңгеріп келген балалар бар. «Байдың баласы» дей салған кезде сол баланың бірнеше жылғы еңбегі көрінбей қалады.

– Әлеуметтік желіде біреу қайта-қайта тиісіп, пікір жазса, әр жолы жауап берген дұрыс па?

– Біреу сізді әдейі ашуландырғысы келіп отыр делік. Оның жазғанын оқыдыңыз. Сол сәтте ойыңызға келгеннің бәрін жазып жіберсеңіз, әңгіме қайда кетеді? Мұндайда «сұр тас» деп аталатын тәсіл бар. Ағылшынша grey rock дейді. Жауап беру қажет болса, қысқа қайырасыз. Кейде пікірді оқып, сол күйі өтіп кеткен де жөн. Біреудің сөзіне бола өзіңізді ұзақ ақтауға міндетті емессіз.

Қазақта «сөз саптау», «сөзге тоқтау» деген екі тіркес бар. Сөз саптау – сөзді орайына қарай қолдана білу. Ал сөзге тоқтау үшін алдымен тыңдай білу керек қой. Желіде де солай. Жауап жазар алдында «Мұны неге айтты? Ал мен өзім не айтқым келіп отыр?» деп ойланып көріңіз.

Гүлнәр Әбілдақызы. Фото: NoFake.kz.

– Гүлнәр Әбілдақызы, сөз соңында оқырманға не айтар едіңіз? Әлеуметтік желіде пікір жазарда әрқайсымыз нені ескергеніміз жөн?

– Атақты Бұқар жырау «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деп бекер айтпаса керек. Себебі сөз – кие, сөз – қару, сөз – құдірет, сөз – қасиет. Әлеуметтік желілерде ұстамдық таныт, ештеңке жазбай өтіп кет! «Сөз – күміс, үндемеген алтын», «Сөйлегеннен сөйлемеген жақсырақ, сөйлеп едің басыңа тиді таяқ», «Көнектей басыңа, шүмектей тілің жау», «Аузында қалжыңы жоқтың қолында шоқпары бар» дегенді де дана халқымыз айтқан.

Мәселе аз сөйлеу, көп сөйлеу немесе үндемей отыру, сөйлеп отыру емес. Меніңше, ең дұрысы не айтсаң да парықсыз, мағынасыз, мазмұнсыз, ойсыз, қисынсыз, қыңыр сөз айтпау, керісінше, пайымды, парасатты, мағыналы, тәтті, тәрбиелі, ойлы сөз айтқан дұрыс. Кез-келген сөзден із қалады. Адамдармен жылы сөйлесейік, сөздеріміз сәулелі, нұрлы, мағыналы, мәнді болсын. Атақты бабамыз Мәшһүр Жүсіп: «Адам бойында үш асыл бар: бірі – көз, бірі – тіл, бірі – көңіл» деген. Осы қасиеттер әрқайсымызда болсын!

Оқу үшін