Жақыпов пен Отыншиев туралы мем мен дипфейк жасағандар жауапқа тартыла ма?

Фото: Жи көмегімен жасалған
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде мем қаптады. Оған екі басшының бейнесі мен Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңынан табылған долларға ұқсас купюралар салынған чемодандар арқау болды. ҰҚК операциясын мемге айналдыру заңға қайшы емес пе? Мұндай мемді жасаған не таратқан адам жауапқа тартылуы мүмкін бе? NoFake.kz зерттеп көрді.
Әлеуметтік желіде жасанды интеллект көмегімен жасалған видеолар тарап жатыр. Оларда Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев доллар ұстап билеп жүр, бума-бума долларды иығына дейін үйіп алған немесе ақшаның ортасында жатыр. Мұндай видеолардың көбеюіне екеуінің ұсталғаны белгілі болған күні Астанадағы тұрғын үй кешенінің терезесінен доллар салынған чемодандар лақтырылғаны туралы ақпарат түрткі болса керек. Алайда бұл оқиғаның ұсталғандарға қатысы бар-жоғы ресми түрде расталған жоқ.

Мұндай әзіл қаншалықты заңды? Күдіктілердің фотосуретін пайдаланып дипфейк жасауға бола ма? Ал осы мемдерді жарнамасына қосқан кәсіпкерлер заң бұзып отырған жоқ па? NoFake.kz тілшісі осы сұрақтарды заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызына қойды.
Күдіктілердің бейнесінен дипфейк жасау заңды ма?
Заңгердің айтуынша, ЖИ көмегімен әзіл видео жасаудың өзі құқық бұзушылық саналмайды. Алайда видеоның мазмұны нақты адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтірсе, бұл жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін.
Конституцияның 19-бабына сәйкес, адам кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанға дейін кінәсіз деп есептеледі. Ал Жақыпов пен Отыншиевке қатысты үкім шыққан жоқ: екеуі әзірге күдікті ғана.
«Мұнда маңызды бір айырмашылық бар: сатиралық пікір мен жалған фактіні тарату – екі бөлек құқықтық құбылыс. Мысалы, «елдегі жемқорлық мәселесі осындай жағдайларға әкеліп отыр» деген сарындағы сатиралық пікір – автордың бағалауы. Ал нақты бір адамды сот үкімі шықпай тұрып «ұрлық жасаған қылмыскер», «мемлекеттің ақшасын жымқырған адам» деп көрсету, егер бұл шындыққа сай келмейтін мәлімет болса, құқықтық тәуекел туғызады», – дейді заңгер.
Демек, Жақыпов пен Отыншиевтің бейнесі пайдаланылған видеолардың бәрін бірдей заңсыз деуге болмайды. Әр видеоға жеке баға беріледі: мазмұны қандай, көрерменді жаңылыстыра ма, бейнеленген адамның құқығын бұза ма — осының бәрі ескеріледі.
Күдіктілердің фотосуретін пайдалануға бола ма?
Заңгердің түсіндіруінше, фотосуреттің ашық дереккөзде жариялануы оны кез келген мақсатқа пайдалануға рұқсат бермейді. Азаматтық кодекстің 145-бабы әр адамның өз бейнесіне құқығын қорғайды: адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайды. Ал «Масс-медиа туралы» заңның 14-бабының 2-тармағында келісім талап етілмейтін жағдайлар көрсетілген.
«Ұлттық компания басшысының қызметіне қатысты қоғамдық маңызы бар ақпаратты жариялау мен оның фотосын мазақ ету немесе коммерциялық жарнамада пайдалану – құқықтық тұрғыдан екі бөлек жағдай. Сондықтан адамның фотосуреті ашық дереккөзде жарияланған екен деп, оны кез келген мақсатта пайдалануға болады деу дұрыс емес», – деп түсіндірді Кәмшат Есмұхамбетқызы.
Сондай-ақ, «Масс-медиа туралы» заңның 14-бабының 7-тармағына сәйкес, жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдарды жариялауға тек олардың ЖИ арқылы әзірленгені туралы тиісті ескерту берілген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Ал «Жасанды интеллект туралы» заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес, ЖИ арқылы жасалған немесе өзгертілген сурет, видео, аудио және басқа да синтетикалық материалдар міндетті түрде машина оқи алатын форматта таңбаланып, оқырманға түсінікті ескертумен бірге таратылуы тиіс. Яғни мұндай контенттің жасанды интеллект көмегімен әзірленгені анық көрсетілуі қажет.
Мем үшін қандай жаза қарастырылған?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы бойынша жала жапқан жеке тұлғаға мынадай жаза қолданылады:
- 160 АЕК (692 000 теңге) айыппұл немесе 15 тәулікке қамақ — жалпы жағдайда;
- 180 АЕК (778 500 теңге) айыппұл немесе 20 тәулікке қамақ — жала көпшілік алдында, масс-медиада немесе телекоммуникация желілерінде таратылса;
- 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл немесе 25 тәулікке қамақ — жала адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасса не ауыр зардапқа әкеп соқса.
Сондай-ақ Азаматтық кодекстің 143-бабы бойынша азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот арқылы теріске шығаруды талап ете алады. Ал Қылмыстық кодекстің 131-бабында қорлауға қатысты жауапкершілік қарастырылған.
«Бұл жауапкершілік үшін ақпараттың көрінеу жалған болуы және заңда көзделген өзге де белгілер анықталуы қажет. Сондықтан кез келген жағымсыз мем автоматты түрде жала жабу болып саналмайды», – дейді заңгер.
Чемодан жарнамасы: кәсіпкерлер заң бұзған жоқ па?
Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін кейбір кәсіпкер оны ситуативті маркетингке пайдаланды. Әсіресе чемодан жарнамалары желіде кеңінен талқыланды.

«Кәсіпкер чемоданды жарнамалау үшін осы оқиғаға байланысты әзіл қолданса немесе тұрғын үй кешенінің атауын промокод ретінде пайдаланса, бұл әрекет жарнамалық қызмет ретінде бағалануы мүмкін», – дейді Кәмшат Есмұхамбетқызы.
«Жарнама туралы» заңның 7-бабында жөнсіз, дәйексіз, әдепсіз және көрінеу жалған жарнамаға тыйым салынған.
Заңгердің айтуынша, оқиға болған тұрғын үй кешенінің атауын промокод ретінде қолданудың өзі заңға қайшы емес. Алайда мұндай жарнама тұтынушыны жаңылыстырмауға, өзгенің тауар белгісіне құқығын бұзбауға және адамның беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс.
«Арзан хайптың соңынан ермеңдер»: журналист жарнамаларды сынға алды
Журналист Айгүл Жамалова Instagram парақшасында чемодан жарнамасын жасаған маркетологтар мен SMM мамандарының әрекетін сынға алды.
«Маркетологтар мен SMM мамандарының ситуативті жарнама жасайтыны күтілген жағдай еді. Адамдар да оны жақсы қабылдап, «жарайсыңдар» деп жатыр. Бірақ мұнымен бірге қандай құндылықтарды насихаттап жатқандарыңызды ұмытпаған дұрыс. Сенімді чемодан не үшін керек? Ауқымды жемқорлықты жасыру үшін бе? Мәселенің түп-төркініне үңіліңіздер, арзан хайптың соңынан ермеңдер», – деп жазды журналист.
Осы жазбадан кейін тілшіміз Айгүл Жамаловаға хабарласып, пікірін сұрады. Журналист ситуативті маркетингке қарсы емес екенін, бірақ оны орынды пайдалану керектігін айтты.
«Мен ситуативті жарнама жаман демеймін. Бірақ оны сауатты, орынды пайдалану қажет. Ол брендтің немесе компанияның құндылықтарына қайшы келмеуі тиіс», – деді Айгүл Жамалова.
Оның пікірінше, кәсіпкерлер мұндай жағдайда жемқорлықты қолдайтындай әсер қалдырмауы керек.
«Яғни бұл жағдайда жемқорлықты барынша айыптап, одан іргені аулақ салу керек. Оған жанама түрде болсын жәрдемдесетіндей әсер қалдыруға болмайды», – деп түсіндірді журналист.
Мемдер жемқорлық мәселесін екінші орынға ығыстыра ма?
Заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызы мемдердің қоғамға ықпалына да тоқталды. Оның пікірінше, сатира маңызды мәселелерге назар аудартқанымен, кейде оқиғаның негізгі мәнін көлеңкеде қалдыруы мүмкін.

«Бір жағынан, мемдер күрделі қоғамдық проблемаларды көпшілікке түсінікті әрі есте қаларлық формада жеткізе алады. Екінші жағынан, оқиғаның тек күлкілі жағы талқыланып, оның себептері, тергеу барысы және жүйелі проблемалар назардан тыс қалуы мүмкін. Сондықтан мемнің өзін емес, оның мазмұнын және қоғамға жеткізетін негізгі хабарын бағалау қажет», – дейді заңгер.
Ол қоғамдық маңызы бар оқиғаларды әзілге айналдыру сөз бостандығының бір көрінісі екенін, бірақ бұл адамның кінәсін сотсыз анықтауға негіз болмайтынын атап өтті.
«Менің ұстанымым: қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға әзілмен қарау – заңды. Бірақ әзіл нақты адамның кінәлі екені туралы сот шешімін алмастырмауы тиіс», – деп түйіндеді Кәмшат Есмұхамбетқызы.
Осылайша, мем жасау мен ситуативті жарнама өздігінен заң бұзушылық саналмайды. Алайда әзіл арқылы жалған ақпарат тарату, адамның беделіне нұқсан келтіру немесе тұтынушыны жаңылыстыру құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.


