СҚО-да жалған жарнама арқылы 37 адамды алдаған күдіктінің схемасы әшкереленді

Фото: magnific.com
Петропавлда автосервисті басқарған 26 жастағы күдіктіге қатысты тергеу аяқталды. Полицияның мәліметінше, ол көлік жөндеуге және қосалқы бөлшек сатып алуға клиенттерден ақша алғанымен, уәдесін орындамаған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, клиенттер бірнеше ондаған мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін төлеген.
«Тергеушілер 37 жәбірленушінің әрқайсысынан жауап алып, клиенттердің күдіктімен не жөнінде келіскенін анықтаған. Олар жүздеген банк операциясын тексеріп, күдіктінің әлеуметтік желіде жариялаған жарнамаларын да зерттеген. Жиналған деректерге сүйенген тергеушілер күдікті ақша алған кезде-ақ тапсырыстарды орындауды көздемеген деген қорытындыға келген. Іс 37 эпизод бойынша сотқа жолданды», — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері облыста алаяқтыққа қатысты 98 іс сотқа жіберілген. Оның 48-і интернеттен тауар сатып алу кезінде алданған адамдардың шағымдарына, тағы 30-ы қызмет көрсету сылтауымен ақша алу деректеріне қатысты.


