NoFake

Мексика аспанында алып қанатты мақұлық ұшып жүргендей көрінетін видео – дипфейк

Мексика аспанында алып қанатты мақұлық ұшып жүргендей көрінетін видео – дипфейк

Фото: snopes.com

Әлеуметтік желіде Мексиканың Сьюдад-Хуарес қаласында түсірілді деген видео тарады. Кадрда ұзын тұмсықты, қанаты сүйір мақұлық үйлердің үстінен ұшып өтеді. Snopes фактчекерлері видеоны жасау немесе өңдеу кезінде жасанды интеллект қолданылғанын анықтады.

Роликті Instagram-да бөліскен парақша «Мексиканың кейбір тұрғындары Сьюдад-Хуарестің түнгі аспанында ұшып жүрген птеродактильді видеоға түсіріп алғанын айтады» деп жазған. Птеродактиль — ертеде тіршілік еткен ұшатын бауырымен жорғалаушы.

Видео Facebook пен Threads желілерінде де тараған соң, оқырмандар Snopes редакциясынан оның шынайылығын тексеруді сұраған.

Фактчекерлер видеоның алғашқы секундындағы ғимараттың маңдайшасына назар аударған.

Фото: snopes.com

Басында ондағы таңбалар әріпке мүлде ұқсамайды. Бір секунд ішінде олардың пішіні өзгеріп, «Jalpan de» деген жазу пайда болады. Басылым мұны кадрға жасанды интеллект қолданылғанын көрсететін белгі деп түсіндірді.

Роликтің түпнұсқасын кім жариялағаны белгісіз. Желіде тараған бір нұсқада видео 14 қарашада, екіншісінде 15 қарашада түсірілгені жазылған. Қорыта айтқанда, Мексика тұрғындары үйлердің үстінен ұшып өткен алып мақұлықты видеоға түсіріп алды деген мәлімдеме жалған.

Оқу үшін