NoFake

«Стоп-кредит» қызметін қалай қосуға болады және ол қай кезде қорғамайды

«Стоп-кредит» қызметін қалай қосуға болады және ол қай кезде қорғамайды

Коллаж: NoFake.kz

Қазақстанда eGov арқылы өз атыңызға кредит алуға тыйым сала аласыз. «Стоп-кредит» қосулы тұрса, банк немесе микроқаржы ұйымы жаңа қарыз беруден бас тартуға міндетті. Алайда тыйымның бірнеше ерекшелігі бар. Мысалы, ол ломбард беретін микрокредитке қолданылмайды, ал кей жағдайда тауарды кредитке алуға болады, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Стоп-кредитті» қалай қосады?

eGov.kz порталында жеке кабинетке кіріп, «Сервистер» бөлімінен «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдаңыз. Электрондық өтінішті толтырып, оған электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойыңыз. Нәтижесін «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен тексеруге болады.

eGov Mobile қосымшасында басты беттегі «Танымал қызметтер» бөліміне өтіңіз. Қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту қызметін таңдап, деректерді толтырыңыз да, өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз. Қызмет тегін. Кейін өзіңізге кредит қажет болса, тыйымды кез келген уақытта алып тастай аласыз.

«Қызметті іске қосқаннан кейін азаматтың кредиттік тарихында қарыз алуға тыйым салу туралы тиісті белгі пайда болады», – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Банк пен микроқаржы ұйымы кредиттік бюродан мәлімет сұратқанда осы белгіні көреді.

Тыйым қай кезде қолданылмайды?

Агенттіктің 2026 жылғы 8 қазандағы түсіндірмесіне сәйкес, «Стоп-кредит» қосулы болса да, мына жағдайларда қарыз берілуі мүмкін. gov.kz

  • Тауарға, жұмысқа немесе қызметке ақы төлеу үшін. Мұндай қарызды банк те, микроқаржы ұйымы да бере алады. Ақша тікелей сатушының немесе қызмет көрсетушінің шотына аударылады. Банк арқылы рәсімделсе, қарыз алушы тауарды не қызметті алғанын растауы керек.
  • Бұрынғы қарызды қайта қаржыландыру үшін. Бұл ерекшелік бұрынғы берешекті сол банкте немесе сол микроқаржы ұйымында қайта қаржыландырғанда қолданылады.
  • Картадағы кредиттік лимитті пайдаланғанда. Банктің төлем картасында тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге арналған жаңартылатын кредиттік лимит болса және ол 150 АЕК-тен аспаса, тыйым оған жүрмейді. 2026 жылы бұл сома 648 750 теңгеге тең.
  • Салық, айыппұл немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеу үшін. Осы мақсаттарға банк қарызын немесе микрокредит алуға болады. Банктік қарыздың ақшасы тиісті берешекті өтеуге тікелей аударылады.
  • Ломбардтан микрокредит алғанда. «Стоп-кредит» ломбард беретін микрокредиттерге қолданылмайды.

Атыңызға өзіңіз алмаған кредит рәсімделсе, не істеу керек?

Алдымен қарыз берген банкке немесе микроқаржы ұйымына дереу хабарласыңыз. Кредитті өзіңіз рәсімдемегеніңізді айтып, өтінішіңізді тіркеуді, картаңызды, шотыңызды және мобильді қосымшаға кіру мүмкіндігін бұғаттауды сұраңыз. Содан кейін полицияға арыз беріңіз. Арызда қарыз берілген күнді, сомасын және ұйымның атауын көрсетіп, қолыңыздағы дәлелдерді тіркеңіз. Олар SMS-хабарламалар, хат алмасу скриншоттары немесе шоттан үзінді көшірме болуы мүмкін.

Полиция сізді жәбірленуші деп тану туралы қаулыны немесе тиісті процестік ұсынуды кредиторға жолдайды. Банк не микроқаржы ұйымы құжатты алғаннан кейін күнтізбелік үш күн ішінде пайыз бен айыпақы есептеуді және берешекті өндіріп алуды тоқтата тұруға міндетті.

Егер полиция алаяқтықты растап, кредитордың «Стоп-кредит» тыйымын бұзғаны анықталса, қарызды сотқа жүгінбей есептен шығаруға негіз бар. Полицияның тиісті құжаты болса, кредитор бұзушылық анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде берешекті есептен шығарып, кредиттік тарихты түзетуге және ұсталған ақшаны қайтаруға міндетті. Кредитор бұл талапты орындаудан бас тартса, оның жауабы мен полиция құжатын тіркеп, eOtinish арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым беруге болады.

Оқу үшін