NoFake

Асыраушысынан айырылған отбасы қандай жағдайда екі төлем ала алады

Асыраушысынан айырылған отбасы қандай жағдайда екі төлем ала алады

Фото: arasha.kz

Қазақстанда асыраушысынан айырылған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелеріне мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Егер қайтыс болған адам үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар төленген болса, оның асырауында болған жақындары қордан қосымша төлем де ала алады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы он айда асыраушысынан айырылған 69,3 мың отбасыға жалпы сомасы 37,4 млрд теңге төленген.

Екі төлемнің айырмашылығы қандай?

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді. Оны тағайындағанда қайтыс болған адамның жұмыс істегені, еңбек өтілі немесе жалақысы есепке алынбайды. Adilet.kz

МӘСҚ төлемінің мөлшерін есептегенде асыраушының әлеуметтік аударымдар төленген табысы, оның сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқаны және асырауында қанша адам болғаны ескеріледі.

Балалар мен оларға күтім жасайтын туыстар төлемді қанша уақыт алады?

Балаларға төлем 18 жасқа дейін тағайындалады. Егер бала 18 жастан кейін күндізгі бөлімде оқыса, төлем оқуын аяқтағанға дейін, ең көбі 23 жасқа толғанға дейін жалғасады.

Қайтыс болған адамның баласына, бауырына немесе немересіне күтім жасайтын туыстар үшін жас шегі төлем түріне байланысты. Мысалы, баланы бағып отырған жұбайы жұмыс істемесе, мемлекеттік жәрдемақыны бала сегіз жасқа толғанға дейін ала алады. Ал МӘСҚ-тан бала күтіміне байланысты асыраушысынан айырылу төлемі бала үш жасқа толғанға дейін тағайындалады.

Төлемді қалай рәсімдеуге болады?

Асыраушының қайтыс болғаны мемлекеттік дерекқорда тіркелгеннен кейін жүйе отбасы мүшелерінің төлем алу құқығын тексереді. Төлемді рәсімдеу туралы SMS келсе, алушы жауап хабарламамен келісімін бере алады. Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығында беруге болады.

Оқу үшін