NoFake

Кликбейт тақырыптар қалай манипуляция құралына айналды: сарапшылар не дейді

Коллаж: NoFake.kz

Отандық БАҚ пен әлеуметтік желідегі пабликтер оқырман назарын аударып, қаралым жинау үшін кликбейт, яғни «айғайлаған» тақырыптарды жиі қолданады. Алайда мұндай тақырыптар кейде ақпараттың мәнін бұрмалап, аудиторияны жаңылыстыруы мүмкін. Кликбейт қай кезде оқырман тартудың тәсілі болудан шығып, манипуляция құралына айналады? Оның ақпаратты қабылдауға әсері қандай? Бұл мәселені NoFake.kz медиа зерттеушісі және сала мамандарымен бірге талдады.

Аудитория назарына күрес қашан пайда болды?

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, ғалым Әйгерім Әлжанованың айтуынша, БАҚ арасында адамдардың назарына күресу интернетке дейін де болған. Ғалым сенсациялық тақырыптар, оны эмоциялық тұрғыда әсірелеу баспасөз журналистикасында ондаған жылдар бойы болғанын алға тартты.

«Цифрлық орта бұл үдерісті өзгертіп, аудиторияның реакциясын нақты уақыт режимінде өлшеуге мүмкіндік берді. Мысалы, бұрын газеттерде редактор басылымның таралымын біле алғанымен, оқырманды нақты қай тақырып материалды ашуға итермелегенін немесе оның мәтінді оқуға қанша уақыт жұмсағанын дәл анықтай алмайтын», — дейді ол.

Адамдар не себепті кликбейтті тақырыптарға жиі өтеді

Әйгерім Әлжанова кликбейт адамдардың қызығушылық психологиясымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Кликбейтті тақырыпқа аудитория қалай өтеді? Себебі онда көбіне материалдың негізгі мазмұны берілмейді, сөйтіп адам толық ақпарат ала алмаған соң, еріксізден сілтеменің өзіне өтіп, қызығушылықтан материал мазмұнымен танысады», — деді ол.

Digital nudging – цифрлық итермелеу ұғымы деген не?

Бұл ретте, ҚазҰУ оқытушысы цифрлық ортада digital nudging – цифрлық итермелеу ұғымы кеңінен қолданылып жүргенін мәлімдеді. Бұл дегеніміз — цифрлық ортадағы интерфейс, дизайн немесе ақпаратты ұсыну тәсілдері арқылы адамның таңдауына және мінез-құлқына ықпал ету әдісі.

«Мысалы, «Біз түнде неге оянамыз?» деген тақырып қойсақ, мұндай тақырып әрине оқырманды тартуы мүмкін. Егер «Ғалымдар адамдардың түнде оянуының себептерін тапты» десек, тақырып қызықты, алайда оның астарында не жатуы мүмкін деген сауал туындайды. Ал, «Ғалымдар адамдардың түнде оянуының қауіпті себептерін анықтады» десек, міне бұл тақырып аудиторияға бұрмаланған ақпарат ұсынып, манипуляция жасауы мүмкін», — деді ол.

Сонымен бірге ол, тілшілер кликбейтті тақырыптарды оқырмандарға манипуляция жасап, адастыру үшін емес, керісінше материалдың маңызды тұсын түсінуге қолдануы тиіс екенін жеткізді.

«Сондықтан, кликбейтті тақырыптар қою – барлық жағдайда бірдей аудиторияға манипуляция жасау деген ұғымды білдірмейді. Адамдардың қызығушылығын ояту – оларды алдау емес. Бастысы автор маңызды ақпаратты «тығып», оқырманға бұрмаланған, жалған ақпаратты ұсынбау. Себебі, жалған ақпарат ұсынған басылым – оқырман сенімінен айырылады. Ал БАҚ үшін, аудитория сенімінен шығу, оқырманға дұрыс ақпаратты жеткізе білу – басты міндеттердің бірі», — деп сөзін қорытындылады ол.

Отандық БАҚ кликбейтті тақырыптарды жиі қолдана ма?

Sportbugin.kz cайтының бас редакторы, сарапшы Ақырыс Сейтқазы желідегі пабликтер мен БАҚ-тың не себепті кликбейт тақырып қойып, аудиторияға қалай манипуляция жасайтынын түсіндірді. Сарапшының айтуынша, көптеген паблик оқылым мен оқырман санын арттыру үшін тақырыпты әдейі әсірелеп беруге бейім. Алайда ақпаратты бейтарап әрі кәсіби түрде ұсыну мен аудитория назарын барынша тартудың арасында қайшылық бар.

«Егер шынайы ақпарат берсе, әрине, тілшілер бұрмаланбаған, кәсіби ақпарат бере алады. Материалға барынша нейтралды, ұстамды тақырып та қоюға болатын еді. Бірақ бұл тақырып аудиторияға өтпеуі мүмкін. Десе де, мұндай жағдайда ақпарат таратушының ары таза болады. Сондықтан таяқтың екі ұшы бар екенін ескеруіміз керек. Кликбейт тақырыпты қойып оқырман жинап, аудиторияға манипуляция жасау немесе ресми тақырып қойып, кәсіпке жауапкершілікпен қарау», – деп түсіндірді ол.

Қайғылы оқиға да қаралым құралына айнала ма?

Оның сөзінше, мұндай жағдайдың нақты мысалы ретінде Маңғыстауда болған қайғылы оқиғаны айтуға болады. Ақырыс Сейтқазы, кейбір ақпарат таратушылар оқылым жинау үшін оқиғаны эмоциялық тұрғыда беруге тырысқанын жасырмады.

«Көпшілік осы жағдайды пайдаланып, айғайлаған тақырыппен оқылым жинап жатты. Өйтпеген жағдайда, оқылым, қаралым болмайтын еді. Сондықтан тілшілерді «неге айқайлаған тақырып қоясыздар?» деп кінәлай алмаймыз. Бұл жерде қазақ тілді аудиторияның сұранысын да ескеру керек», — деді ол.

Алғашқы 3 секунд оқырман назарын аударуы тиіс — кликбейт қалай жұмыс істейді

ҚР Президенті Телерадиокешенінің Digital-директоры Маруан Айдос пабликтердің не себепті кликбейтті тақырып қоюға мәжбүр екенін түсіндірді.

«Аудиторияның, біздің жағдайда тұтынушылардың назарын аудару – бүгінде валютаға айналды. Алгоритмнің өзі соған бейімделген. Алғашқы 3 секундта материал тұтынушыны қызықтыра алмаса, оны оқымай, өтіп кетеді. Демек лайк та, қаралым да, оқылым да, репост та болмайды», — деді ол.

Fast-food контент деген не және ол аудиторияға қалай әсер етеді?

Айдос Маруанның сөзінше, тақырып материалдың мазмұнын бұрмаламауы тиіс. Ол — тақырып эмоцияны күшейтіп, контекстті жасырып тұрса, бұл — таза манипуляция екенін жасырмады.

«Ең қауіптісі – тақырып формалды түрде жалған болмауы керек. Мысалы мемлекеттік БАҚ-тардың бірінде «Қазақстанда ұмытшақтық үшін айыппұл салынады» деген ақпаратты көзім шалып қалған. Ол ақпаратта негізінен егер жұмыс беруші қызметкердің еңбек шартын арнайы бір жүйеге енгізбесе, сол үшін айыппұл қарастырылғаны айтылу керек, алайда БАҚ ол ақпаратты бұрмалап беріп отыр. Мұндайды — «fast-food» контент деп айтады, адамдар ақпаратты тез оқып, оны тез сіңіруге тырысады», — деді ол.

Маман, манипуляцияның жетегінде кетпеу үшін адамдар сыни ойлау қабілетін дамытып, ақпаратты басқа дереккөздер арқылы тексеру қажеттігін, ресми парақшалар таратқан ақпаратқа ғана сену қажеттігін ескертті.

Түйін

Кликбейтті тақырыптар аудиторияның назарын аударудың тиімді құралы болғанымен, ақпараттың мазмұны бұрмаланған жағдайда оқырманды жаңылыстырып, медианың сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін. Цифрлық ортада қаралым мен оқылым үшін бәсеке күшейген сайын эмоцияға құрылған тақырыптар мен тез тұтынылатын контент те көбейеді. Дегенмен оқырман қызығушылығын ояту мен манипуляция жасаудың ара-жігін ажырата білу маңызды. Журналистің міндеті – аудиторияның назарын аударып қана қоймай, ақпаратты дәл әрі контекстен ажыратпай жеткізу. Ал оқырман кез келген сенсациялық тақырыпқа бірден сенбей, мәліметті бірнеше дереккөзден тексергені жөн.

Оқу үшін