«Клубтан әскерге алып кетеді»: министрлік желіде тараған Telegram-боттарға түсініктеме берді

Коллаж: MidJourney
Қазақстандық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жастар мен геймерлерге арналған «әскери комиссариат радары» туралы ақпарат тарады. Жазба авторлары Telegram-боттар арқылы әскерге шақыру шаралары өтіп жатқан жерлер туралы «ескерту» алуға шақырады.
«Әскери комиссариат радары»
Әлеуметтік желіде тараған жазбалардың бірінде компьютерлік клубтарға «радарсыз бармауға» кеңес берілген. Автордың сөзінше, әскери комиссариат өкілдері жастарды компьютерлік клубтардан әскерге алып кетуі мүмкін.

Сондай-ақ желіде @voenkovat_radarbot Telegram-ботынан алынған «сигналдар» жарияланып жүр. Скриншотта Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы даңғылы көрсетіліп, «бұл ауданда абай болу» керектігі жазылған. Боттағы мәлімет қолданушылардың белгілері мен картографиялық сервистер деректеріне негізделген.
Қорғаныс министрлігі не дейді?
Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған @voenkovat_radarbot Telegram-ботына қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство боттағы мәліметтердің мемлекеттік органдардың ресми ақпараты емес екенін атап өтті.
«Аталған бот өзін азаматтарға әскерге шақыру шаралары өтуі мүмкін орындар, соның ішінде компьютерлік клубтар мен басқа да қоғамдық орындар туралы ескертетін сервис ретінде таныстырады. Ботта қолданушылардың белгілері мен картографиялық сервистердің деректері негізінде қалыптастырылатын ақпарат мемлекеттік органдардың ресми ақпараты болып саналмайды. Қазіргі уақытта азаматтарды әскерге шақыру туралы хабардар ету, соның ішінде, электронды форматта — SMS-хабарламалар және eGov-тағы жеке кабинетке жіберілетін хабарламалар арқылы жүзеге асырылады. Тиісті тәртіппен хабардар етілген азамат хабарламада көрсетілген уақыт пен орынға келуге міндетті», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Министрлік әскерге шақырылуға жататын азаматтардың жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша келуге міндетті екенін де еске салды.
«Заңнамаға сәйкес, әскерге шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың өзіне табыстау мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді. Заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан қасақана жалтару Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабында көзделген жауапкершілік бар», – делінген министрліктің ресми жауабында.
Осылайша, әлеуметтік желіде тараған «әскери комиссариат радарындағы» белгілер ресми дерек емес. Қорғаныс министрлігі боттағы ақпарат қолданушылар қалдырған белгілер мен картографиялық сервистердің деректері негізінде жасалатынын мәлімдеді.


