Митингке шақыру: Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін ел ішіндегі жағдайды ушықтырып жатқан кімдер

Коллаж: NoFake.kz
Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза болуынан кейін әлеуметтік желіде қайғылы оқиғаны саяси үндеулерге пайдаланған жазбалар тарай бастады. NoFake.kz әлеуметтік желідегі осындай аккаунттарды қарап шықты.
Солардың бірі – Threads желісіндегі beriksabituly аккаунты. Ол сарбаздардың қазасы туралы жазбасында халықты «бейбіт митингке шығып, биліктің кетуін талап етуге» шақырады.

Алайда аккаунттағы басқа жарияланымдарға қарағанда, автордың өзі Қазақстанда тұрмайды. Парақшасында Нидерландыдан түсірілген видеолар жарияланған, сондай-ақ Еуропада жұмыс істеуге қатысты ұсыныстар кездеседі. Бұған дейін де ол Қазақстанда «қатты қымбатшылық» пен «аштық» болады деген мазмұндағы жазбалар жариялаған. Яғни Каспийдегі қайғылы жағдайға байланысты митингке шақыру – аккаунттағы алғашқы саяси сипаттағы жазба емес.
Қырғызстандағы видеоны «Ақтаудағы митинг» деп таратқан
Әлеуметтік желіде көп адам жиналып, құқық қорғау қызметкерлерімен итерісіп жатқан видео «Дәл осы сәт Ақтау, әскердегі өлімге наразы халық көшеге шықты» деген жазумен тарады.

Алайда видеоның Ақтауға да, Каспийдегі қайғылы оқиғаға да қатысы жоқ. Кадрлар 6 қыркүйекте Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде түсірілген. Сол күні Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары көкпар және көк бөрү финалында кездескен. Билетсіз жанкүйерлер аренаға кіруге ұмтылып, кіреберісте адам көп жиналған.
NoFake.kz назар аударған аккаунттардың бірі – Қабидулла есімді қолданушының парақшасы. Онда небәрі екі жарияланым бар, профильде қолданушының фотосы жоқ.

Осы жазбалардың астында митинг туралы пікірлер де пайда болған. Мәселен, қолданушылардың бірі «Ақтау скоро митингке шықса таңғалмаймын» деп жазса, екіншісі «скоро походу митинг болады» деген пікір қалдырған. Тағы бір аккаунт «митинг болып жатса, шығамын» деп жазған.
Ал оның басқа жазбаларға қалдырған жауаптары негізінен қазақ тілі мен Қазақстандағы қымбатшылық тақырыптарына қатысты. Сондықтан ашық деректер негізінде бұл аккаунттың нақты кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес.
Сонымен бірге Каспийдегі сарбаздардың қазасы секілді қоғам үшін ауыр оқиғаның артынан әлеуметтік желіде митингке шақырулар, расталмаған ақпарат пен эмоциялық жазбалардың қатар тарауы ақпараттық манипуляция қаупін күшейтеді. Сондықтан мұндай жазбаларда автордың кім екеніне, аккаунттың қашан ашылғанына, бұған дейін қандай контент таратқанына және айтылған мәліметтердің ресми деректермен расталуына назар аударған жөн.
Бұған дейін де тараған фейктер
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Бұған дейін «қаза болған сарбаздың әкесімен соңғы рет сөйлескен видеосы» деген ақпаратты тексеріп, видеодағы әскери қызметшінің тірі екенін жазған болатынбыз. Мұны сарбаздың әкесі Талғат Құлмановтың өзі растады.
Сондай-ақ Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың видеосы Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырылып таратылған. Қорғаныс министрлігі кадрлардың былтыр түсірілгенін және қазіргі жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде ескі видеолар, жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдар және қазақстандық блогерлерге қарсы манипуляциялық жазбалар тараған.


