Қорғаныс министрінің Каспийдегі қазамен байланыстырылып тараған видеосы – ескі

Скрин: желіде тараған архивті видеодан
Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ парақшаларында Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың журналист сұрағына жауап берген видеосы тарады. Бейнежазба Каспий теңізіндегі әскери қызметшілердің қазасымен байланыстырылып жарияланып жатыр. Қорғаныс министрлігі видеоның қайғылы оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, әлеуметтік желіде тараған кадрлар жаңа емес. Бейнежазба өткен жылы түсірілген, ал жарияланып жатқан нұсқада министрдің журналист сұрағына берген жауабы толық көрсетілмеген.
«Аталған бейнематериалды Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғамен байланыстырмауларыңызды сұраймыз. Бұл бейнежазба өткен жылы түсірілген және журналист сұрағына жауап толық салынбаған», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Министрлік архивтік видеоларды контекстен жұлып алып, қазіргі оқиғалармен байланыстырып таратпауға шақырды.
«Жалпы архивтік бейнематериалдарды манипуляция құралына айналдырмауға, оларды контекстен жұлып алып, болған қайғылы оқиғамен байланыстырмауларыңызды сұраймын», — делінген хабарламада.
Ведомство қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына құрметпен қарап, қайғылы жағдай кезінде ақпарат таратуда жауапкершілік танытуға шақырды.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер қаза тапты. Оқиға Ақтаудан 43 шақырым жерде болған. Тергеу дерегінше, «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


