NoFake

Сайлау қарсаңында не істеуге болмайды – Бас прокуратура үндеу жасады

Коллаж: MidJourney

Қазақстанда дауыс беру күніне бес күн қалғанда қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынады. Бас прокуратура Құрылтай сайлауы қарсаңында заң талаптарын еске салды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес, дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға болмайды.

Сондай-ақ осы кезеңде кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін жариялауға тыйым салынады. Ал сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге жол берілмейді.

«Көрсетілген құқықтық талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Бейбіт жиындарға қатысты қандай талап бар?

Бас прокуратура сайлау кезеңінде бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін де сақтау қажет екенін ескертті. Заңға сәйкес, жиналыс, митинг және пикет өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрация мен шеру өткізу үшін келісу тәртібі қарастырылған.

Белгіленген тәртіпті бұзып өткізілген бейбіт жиынды ұйымдастырған немесе оған қатысқан азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Жаза әкімшілік қамаққа алуға дейін барады.

Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Жалған ақпарат таратқандар да жауапқа тартылады

Бас прокуратура сайлау кезінде масс-медиа мен онлайн кеңістікте жалған ақпарат пен заңға қайшы контент таратуға да назар аударды.

«Масс-медиада жалған мәліметтер мен құқыққа қайшы контенттің таратылуына ерекше назар аударамыз, ол үшін қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза да көзделген», – делінген хабарламада.

Бас прокурордың орынбасары Е. Өтегенов сайлау процесінің барлық қатысушысын заң талаптарын сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.Айта кетейік, бұған дейін сайлау күні сайлаушыларға өзін және өзгелерді фотоға, видеоға түсіруге бола ма деген сауалға жауап берген едік.

Оқу үшін