NoFake

Сайлау учаскесінде «селфи жасап», видео түсіруге бола ма

Коллаж: NoFake.kz

Сайлаушылар дауыс беру күні өзін және өзгерлерді фото, видеоға түсіре ала ма? NoFake.kz заңда қандай шектеулер қарастырылғанын заңгер Әсел Иманғалиевадан сұрады.

«Егер қысқаша жауап берсек: сайлау учаскесінде фото және видео түсіруге болады, бірақ бірқатар шектеулер бар. Қазақстандағы кез келген сайлаудың басты ережесі — «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында бекітілген сайлаушының еркіндігін білдіру құпиясы. Құпия дауыс беру кабинасының ішінде фото және видео түсіруге қатаң тыйым салынады.Толтырылған бюллетеньді, өзгенікін де, өзініздің де түсіруге және оны әлеуметтік желілерде көрсетуге болмайды,» — дейді маман.

«Селфи» және блогерлерге арналған ережелер

Заңгер сайлау учаскесінің, урнаның немесе қолындағы толтырылмаған бюллетеньнің фонында өзін-өзі фото, видеоға түсіруге заң тыйым салмайтынын айтады. Алайда мұнда сайлау күні үгіт жүргізуге қатысты өте маңызды ескеретін жайт бар.

«Достар, мен сайлауға келдім, азаматтық борышымды орындадым» форматында сторис түсіруге рұқсат етілген. Бірақ постыда «Мен Х кандидатына (немесе Х партиясына) дауыс бердім, сіздер де солай жасаңыздар!» деп айтуға немесе жазуға тыйым салынады. Сайлау күні кез келген сайлау алдындағы үгіт-насихатқа қатаң тыйым салынады. Басқа адамдарды, сайлаушылар мен комиссия мүшелерін түсіру мәселесіне келсек, бұл кезде Азаматтық кодексінің 145-бабы күшіне енеді. Өзге тұлғаларды олардың келісімінсіз түсіруге болмайды» , — деп пікір білдірді маман.

Ал сайлау учаскесінің ішін қоғамдық орын ретінде фото, видеоға түсіруге болады. Тек кадрыңыздағы адамдарды ірі планмен түсірер кезде мұқият болу керек екені айтылды.

«Басқа дауыс берушілерді, байқаушыларды немесе сайлау комиссиясының мүшелерін олардың келісімінсіз ірі планда түсіруге болмайды. Егер адам өз бетін түсірмеуді немесе түсіруді тоқтатуды сұраса, видео авторы бұл талапты орындауға міндетті» , — дейді ол.

Учаскедегі тәртіпті сақтау

Сонымен қатар, блогерлік белсенділік сайлауда дауыс беру кезінде қоғамдық тәртіпті бұзатын шоуға айналмауы тиіс екенін ескеру керек. Түсіру процесі басқа сайлаушылардың дауыс беруіне, сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмысына кедергі жасамауы қажет.

«Учаскедегі заңсыз түсірілімдер — бұл жай ғана этиканы бұзу емес, айыппұл салуға әкеп соғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар. Егер сіз учаскеде тек суретке түсіп қана қоймай, сайлау күні немесе қарсаңындағы «тыныштық күні» нақты кандидатқа дауыс беруге шақыратын видео жарияласаңыз, бұл заңсыз сайлау алдындағы үгіт-насихат ретінде бағалануы мүмкін», — дейді заңгер.

Мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 102-бабы бойынша15-35 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

«Оқырмандар үшін қысқаша түйін: Әлеуметтік желілерге естелік фото немесе видео түсіргіңіз келе ме? Бюллетеньдегі белгіні көрсетпей, нақты тұлғаларға дауыс беруге шақырусыз және бөгде адамдардың рұқсатсыз бет-бейнесін түсірмей, урнаның фонында әдемі селфи жасасаңыз болады» , — деп қорытты спикеріміз.

Айта кетейік, бұған дейін сайлауалды үгіт кезінде дауыс берушілер арасында лотерея өткізуге бола ма деген сауалға жауап берген болатынбыз.

Оқу үшін