Сайлауалды үгіт кезінде дауыс берушілер арасында лотерея өткізуге бола ма

Фото: Depositphotos
Сайлауалды үгіт-насихат кезінде пәтер, ақша, көлік немесе басқа да бағалы сыйлықтар тігіп, лотерея мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруға қатаң түрде тыйым салынады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 27-бабы 9-тармағында нақты көрсетілген.
Заң талаптарына сәйкес, сайлаушыларға тегін немесе жеңілдік шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар мен қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу немесе сондай уәде беру арқылы үгіт жүргізу — сайлау алдындағы жөнсіз үгіт болып саналады. Яғни, мұндай әрекетке тыйым салынады.

Дегенмен, заң аясында тек сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарын, оның ішінде безендірілген материалдарды, омырауға тағатын белгілерді, жалаулар мен жалаушаларды ғана тегін таратуға рұқсат етілген. Басқа кез келген материалдық ынталандыру түрі заң бұзушылыққа жатады.
Бұған дейін «Баян Алагөзова сайлауда дауыс бергендерге пәтер таратады деген жалған ақпарат тарағаны жайлы жаздық.


