Баян Алагөзова сайлауда дауыс бергендерге пәтер таратады — фейк

Скрин әлеуметтік желіден
Белгілі продюсер Баян Алагөзова атынан ғаламторда «партияға дауыс берсеңіздер, пәтер ұтысына қатысасыздар» деген жалған ақпарат тарап жатқаны жайлы айтып, видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды NoFake.kz продюсердің парақшасына сілтеме жасап.
Редакциямыз ғаламторда бетінен мұндай мазмұндағы жарнаманы тапты. Онда алаяқтар продюсердің фотосын қолдана отырып, белгілі партияға дауыс беріп, арнайы алаңдарда барабан айналдыру арқылы 100 пәтердің бірін ұтып алуға болатынын жазған. Тіпті Астанадағы «Жастар» сарайы, Алматыдағы Ескі алаң және Шымкенттегі «Shymkent Plaza» алды сияқты қалалардың орталық орындарын көрсетіп, халықты сендіруге тырысқан. Жарнамада мынадай жалған сөздер келтірілген.

«Ешқандай күрделі бағдарламалар мен жылдар бойы күтудің қажеті жоқ. Келдің, партияға дауыс бердің – және сол күні алаңда бағыңды сынап көрдің! Партиямен бірге біз жоғары табысты және лайықты өмір сүретін ел құрамыз», — делінген.
Бұл фото қайдан алынған?
Кері іздеу функциясы арқылы фотоға іздеу жасаған кезімізде продюсердің бұл фотосы өзінің instagram парақшасынан алынғанын анықтадық.

Сонымен қатар Youtube арналардың біріне берген сұхбатында продюсер Алагөзованы фотодағы образда көруге болады. Сұхбат «Мен Турсенге сен жыл сайын 100 пәтер сыйлауың керек» деген тақырыпта 2025 жылдың 23 қазанында жарияланған. Бұл да алаяқтар тарапынан халықтың сенімін ұялатуға бағытталған әдіс секілді көрінеді.

Продюсер бұған не дейді?
Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан Баян Алагөзова желіде видеоүндеу жариялап, халықты алаяқтардың провокациясына ермеуге шақырды. Продюсер өз сөзінде бұл әрекеттің оған ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Жақында маған желіде менің атымнан адамдарға 23 күні алаңдарға келіп, белгілі партияға дауыс берсеңіздер, пәтер ұтысына қатысасыздар деген ақпарат тарап жатқаны жайлы ақпарат жетті. Өтінемін, сенбеңіздер. Мен ұтысқа ешқандай пәтер, ақша тігіп жатқаным жоқ. Сіздерге ескерткім келеді: сақ болыңыздар, және осыны достарыңызға да айта жүріңіздер. Назарларыңызға көп рақмет», — деді продюсер.
Бұған дейін алаяқтар Алагөзовтар отбасы атынан «қор ашып», жалған инвестиция ұсынғанын жаздық.


