Қазақстанда жұмыс іздеу: вакансияны қайдан қарап, қандай қолдау алуға болады

Фото: Асан Төлеу
Қазақстандықтарға жұмысты Enbek.kz платформасы, мансап орталықтары мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы іздеу ұсынылады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Сондай-ақ азаматтар тегін курстардан өтіп, ақылы практикаға қатыса алады және мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін пайдалана алады.
Соңғы уақытта жұмысқа орналасу мәселесі әлеуметтік желілерде ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Көпшілік жұмыс берушілерден кері байланыс болмайтынын, сұхбатқа сирек шақырылатынын және жұмыс іздеу платформаларындағы күмәнді вакансияларға шағымданады.

NoFake.kz тілшісі осы мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдеріне жүгінді.
Ведомствоның Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеу Қазақстанда жұмыс табуға байланысты жүйелі проблема бар деу дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде азаматтарға жұмысқа орналасудың бірнеше мүмкіндігі ұсынылады. Соның негізгі құралдарының бірі – Enbek.kz электронды еңбек биржасы.
«Жұмыс берушілер ЭЦҚ арқылы ресми тіркеуден өткеннен кейін ғана вакансия жариялай алады. Әрбір жарияланған вакансия – ресми жұмыс орны. Enbek.kz электронды еңбек шарттары платформасымен интеграцияланғандықтан, біз адамның нақты қай хабарландыру арқылы жұмысқа тұрғанын көре аламыз. Сондықтан мұнда алаяқтыққа қатысты күмән туындамайды. Қазіргі таңда Enbek.kz арқылы шамамен 70 мың адам жұмысқа орналасты», – деді Мұхтар Төлеу.
Оның мәліметінше, бүгінде платформада ел бойынша 100 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Әсіресе техникалық және тар бейінді мамандарға сұраныс жоғары.
«Дәнекерлеушілер, электргазбен дәнекерлеушілер, дәрігерлер және басқа да тар бейінді мамандарға сұраныс жоғары. Сонымен қатар мұғалімдерге, әсіресе ауылдық жерлерде, қажеттілік сақталып отыр. Платформада 500–700 мың теңгеге дейін жалақы ұсынылатын вакансиялар бар», – деді департамент директоры.
Жұмыс іздеушілер мансап орталықтарына да жүгіне алады. Онда азаматтарға вакансия таңдауға көмектесіп, кеңес беріледі. Егер бірден жұмыс табылмаса, субсидияланатын жұмыс орындары мен өзге де қолдау шаралары ұсынылады.
Тәжірибесі жоқ жас мамандар ақылы практикадан өте алады. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» бағдарламасы және сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту қарастырылған. Азаматтар дәнекерлеуші, электрик, тігінші, кондитер секілді мамандықтарды тегін меңгере алады. Курстар алты айға дейін созылады және жұмыс берушілердің сұранысына сай ұйымдастырылады.
«Кәсіпорындар алдын ала қандай маман қажет екенін хабарлайды. Осыдан кейін оқуға ниетті азаматтар іріктеліп, жұмыс беруші, оқу орталығы және жұмыс іздеуші арасында үшжақты келісім жасалады. Курсты аяқтаған соң жұмыс беруші адамды жұмысқа қабылдауға міндетті», – деді Мұхтар Төлеу.
Министрлік мәліметінше, курстардың сапасы мен түлектердің жұмысқа орналасуын Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдары бақылайды. Олар оқу бағдарламаларын тексеріп, оқу орталықтарының тізілімін қалыптастырады.
Өткен жылы қысқа мерзімді оқудан шамамен 9 мың адам өткен. Олардың басым бөлігі кейін жұмыс тапқан.
Жұмыс іздеудің тағы бір тиімді алаңы – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Бұрын мұндай кездесулер көбіне мансап орталықтарында өтсе, қазір жұмыс берушілер сауда орталықтарында, базарларда, саябақтарда, жоғары оқу орындары мен колледждерде де жұмыс іздеушілермен кездесіп жүр.
Сонымен қатар министрлік Enbek.kz базасында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы іске қосылатынын хабарлады. Жоба биыл жазда іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жасанды интеллект көмегімен жүйе тіркелген жұмыссыздар мен жұмыс іздеушілерге лайықты вакансияларды автоматты түрде ұсынатын болады.
Мұхтар Төлеу айтуынша, сервис қолданушының біліктілігін, еңбек өтілін және түйіндемесін ескеріп, жұмыс ұсыныстарын тікелей телефонға жібереді.
«Біз адамдарға жұмысты проактив форматта ұсынғымыз келеді. Азаматтардың мансап орталығына өздері келуін күтпейміз. Жұмыс ұсыныстары мен қолдау шаралары SMS арқылы тікелей телефонға жіберіледі. Егер ұсынылған вакансия сәйкес келмесе, жүйе басқа нұсқаларды ұсына алады. Бұл қысқа мерзімді оқу немесе қосымша қолдау шаралары болуы мүмкін», – деді ол.
Осылайша, Қазақстанда жұмыс іздеу тек вакансия сайттарымен шектелмей, цифрлық сервистерді, оқыту бағдарламаларын және жұмыспен қамту шараларын біріктіретін бірыңғай жүйеге айналып келеді.


