Диплом неге фейктерден құтқармайды – Кембридж зерттеушісі түсіндірді

Фото: Depositphotos
Пропаганданың құрығына тек білім деңгейі төмен адамдар ғана түседі деген пікірді Кембридж университеті ITLab директоры, доктор Джон Рузенбек жоққа шығарады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Зерттеулер көрсеткендей, егер ақпарат адамның «жайлылық аймағына» дөп түссе, кез келген адамның сыни ойлау қабілеті «өшіп» қалуы мүмкін.
«Иә, бұл өте кең тараған түсінік екенімен келісемін. Бірақ бұл жерде білім деңгейі шешуші рөл ойнайды деп ойламаймын. Ең маңыздысы – егер дезинформация адамның қалыптасқан сенімімен сәйкес келсе, оған сендіру әлдеқайда оңайырақ. Яғни, әдетте былай болмайды: адам, мысалы, солшыл көзқарасты ұстанып жүріп, дезинформацияны көргеннен кейін кенеттен оңшыл болып кетпейді немесе керісінше болмайды. Сол сияқты, адам үкіметті қолдап жүріп, жалған ақпараттың кесірінен оған бірден қарсы шықпайды. Егер адам үкіметті қолдауға бейім болса және үкіметшіл пропаганданы көрсе, оның ұстанымы нығая түсуі әбден мүмкін. Оның көзқарасы айқындала түседі. Осылайша, дезинформация қалыптасқан сенімдерді күшейтіп, оларды радикалды ете түсуі мүмкін», — дейді Джон Рузенбек.
Зерттеушінің пікірінше соның нәтижесінде, қоғамдағы түрлі топтар пропаганда мен дезинформацияның кесірінен бір-бірінен алшақтай береді. Бұл түрлі салдарға әкелуі мүмкін. Бірақ бұл қалыпты көзқарастағы адам кенеттен радикалға айналады дегенді білдірмейді.
«Әдетте мұндай өзгерістер біртіндеп және ақпарат бұрыннан бар сенімдерге сәйкес келгенде ғана болады. Ең бастысы, бұл механизм білім деңгейіне бағынбайды. Ол тек базалық білімі бар адамдарға ғана емес, жоғары білімді жандарға да әсер етеді. Білімнің өзі бұдан қорғай алмайды», — деп атап өтті ғалым.
Ғалым қорғаныстың басты құралы ретінде «ашық ойлау түрін» (open-mindedness) атайды. Бұл – оппоненттердің уәжін мазақ етпей (карикатуралық нұсқасын емес), олардың ең салмақты аргументтерін зерттеуге дайын болу деген сөз.
«Мұндай жағдайда дезинформацияға алданбау қабілеті өзіңе мынадай сұрақ қоюға дайын болумен байланысты: «Қарсы тараптың ең салмақты уәжі қандай?» Бұл уәждің қарабайырланған нұсқасы немесе оппоненттің ұстанымын келемеждеу (карикатура жасау) емес, олар келтіріп отырған ең жақсы аргумент болуы тиіс. Мысалы, егер әңгіме салықты көтеру немесе төмендету туралы болса, сіз идеологиялық себептерге байланысты онымен келіспеуіңіз мүмкін. Бірақ қарсы тараптың нақты қандай уәж айтып отырғанын және олардың қаншалықты қисынды екенін түсіну маңызды», — дейді доктор Рузенбек.
Маманның пікірінше осындай аргументтерді қарастыруға дайын болу және тек өз көзқарасыңды растайтын ақпаратты ғана іздеуге деген ішкі ұмтылысты жеңе білу – шынайы ақпаратты жалғаннан ажырату қабілетінің жоғары екенін білдіреді.
Бұған дейін біз ғалымның «Ойлау антиденелері» оқырманды фейктерден қалай қорғайтыны жайлы пікірін жариялаған болатынбыз.


