БАД-тар: тиімді көмек пе, әлде баяу әсер ететін у ма?

Иллюстрация: freepik.com
Энергия мен «детокс» туралы уәделер тартымды естілгенімен, көптеген БАД-тардың тиімділігі дәлелденбеген, ал оларды бақылаусыз қабылдау қауіпті болуы мүмкін, деп хабарлайды NoFake.kz.
Биологиялық белсенді қоспалар (БАД) бүгінде кең танымалдылыққа ие. Оларды адамдар бір-біріне белсенді түрде ұсынып жатады, ал маркетингтік науқандар бұл қоспаларды шаршаңқылықтан бастап, ағзаны «тазартуға» (детокс) дейінгі көптеген мәселелердің әмбебап емі ретінде таныстырады. Алайда мамандар ескертеді: тартымды қаптама мен зор уәделердің артында денсаулыққа төнетін нақты қауіп жасырынуы мүмкін.
Қоспалар бауырға қай кезде зақым келтіруі мүмкін
«Астана медицина университеті» КеАҚ академик Е.Д. Даленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының Салауатты өмір салты (СӨС) орталығының басшысы Шахрух Нажимовтың айтуынша, АҚШ пен Еуропа елдеріндегі токсикалық гепатит жағдайларының 15 пайыздан 25 пайызына дейінгі бөлігі БАД қабылдаумен байланысты. Көбіне бұл «арықтауға», «ағзаны тазартуға», «энергияны арттыруға» арналған қоспалар мен фитопрепараттарға қатысты болып келеді.
«Медициналық журналдарда БАД қабылдағаннан кейін бауырдың аса ауыр зақымдану түрі – жедел фульминантты гепатит дамып, соңы трансплантацияға немесе өлімге әкелген жағдайлар сипатталған. Мұндай жағдайлар, әдетте, көп компонентті қоспаларды, құрамында өсімдік сығындылары (жасыл шайдың жоғары дозасы, гарциния, кава-кава, ашваганда және т.б.) бар өнімдерді, сондай-ақ құрамында «жасырын» фармакологиялық заттары бар қоспаларды пайдаланғанда туындайды», — дейді сарапшы.
Асқазан мен өңешке төнетін қауіптер
Қауіп тек бауырмен шектелмейді. Концентрацияланған қышқылдар, өсімдік сығындылары, сондай-ақ C витаминінің, темірдің, хром мен магнийдің белгілі бір түрлерінің жоғары дозалары гастрит пен эзофагитті (өңештің шырышты қабығының қабынуы) қоздыруы мүмкін. Мұндай мәселелер көбіне қоспаларды аш қарынға ішкенде немесе ұсынылған дозадан асырып жібергенде пайда болады.
Сонымен қатар, маманның атап өтуінше, биологиялық белсенді қоспалар қабылдау салдарынан болатын өлім жағдайлары салыстырмалы түрде сирек тіркеледі. Олар, әдетте, бауыр немесе бүйректің жедел жетіспеушілігінің дамуымен немесе жүрек ырғағының бұзылуымен (мысалы, стимуляторларды қабылдағанда) байланысты болады.
Дәрілік препараттардан айырмашылығы – ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) толыққанды клиникалық сынақтардан өтпейді. Олар дәрі ретінде емес, тамақ өнімдері ретінде тіркеледі.
«Қазақстанда, ЕАЭО-ға мүше көптеген елдердегідей, бұл биологиялық қоспалардың шикізат қауіпсіздігі, мәлімделген құрамына сәйкестігі және санитарлық нормалары тексеріледі. Алайда олардың тиімділігі мен ұзақ мерзімді қауіпсіздігі ресми түрде бағаланбайды. Шетелде де жағдай осыған ұқсас: бақылау бар, бірақ ол дәрі-дәрмектерге қарағанда әлдеқайда жеңіл», — деп нақтылады СӨС орталығының басшысы.
Мамандар ББҚ (БАД) қабылдауды бастамас бұрын, кем дегенде терапевтпен, ал созылмалы аурулар болған жағдайда бейінді маманмен (гастроэнтеролог, эндокринолог, кардиолог) кеңесуді ұсынады. Нутрициолог тамақтану рационын таңдауға көмектесуі мүмкін, бірақ ол, әсіресе бауыр, бүйрек немесе асқазан-ішек жолдары аурулары кезінде дәрігерді алмастыра алмайды.
Сонымен қатар, бірқатар қоспаларды қабылдамас бұрын талдау тапсырған жөн. Бұл әсіресе D дәруменін, темірді, йодты, гормоналды фонға арналған қоспаларды және «бауырға арналған» құралдарды тағайындау кезінде өте маңызды. Шахрух Нажимов ескерткендей, зертханалық бақылаусыз пайда орнына артық мөлшерлеме (передозировка) алу қаупі жоғары.
«БАД-тар ауруды емдемейді, олар тек тапшылықты түзете алады. Оларды тағайындауға көрсеткіш – нәрлі заттардың дәлелденген тапшылығы немесе жоғары қажеттілік (мысалы, жүктілік, егде жас немесе қатаң диеталар). Бұл ретте БАД қабылдау емдеудің баламасы емес, тек қосымшасы болып табылады», — деп түсіндіреді дәрігер.
Шартты түрде қауіпсіз деп саналатындар:
тиісті дозадағы омега-3;
D витамині (қандағы деңгейін бақылай отырып);
жақсы сіңетін түрдегі магний;
дәлелденген штамдары бар пробиотиктер.
Алайда бұл құралдар да әмбебап емес және бәріне бірдей келе бермейді.
Дәріханаларда сатылатын қоспаларды қауіпсіз деп санауға болады: онда сапаны бақылау ықтималдығы жоғары және жасанды өнімдердің қаупі төмен. Бірақ дәріханадағы БАД та дәрі емес және оның тиімділігіне кепілдік бермейді.
«Көп жағдайда БАД-тардың «ғажайып» қасиеттері — сауатты маркетингтің нәтижесі. Бұл бизнестің табыс формуласы қарапайым: қорқыныш — уәде — жылдам нәтиже. Бірақ ғылым бұлай жұмыс істемейді», — деп түйіндеді ол.
Кез келген қоспаны дәрігермен кеңескеннен кейін және нақты көрсеткіштер болған жағдайда ғана саналы түрде қабылдау керек. Әйтпесе, пайда орнына денсаулыққа үлкен зиян келтіріп алуыңыз мүмкін.


