NoFake

ІІМ жазғы демалыс алдында оқушылар мен студенттерге маңызды ескерту жасады

Фото: Gov.kz

Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс қарсаңында оқушылар мен студенттерге үндеу жасап, күмәнді жұмыс ұсыныстарына алданып қалмауға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомство мәліметінше, каникул кезінде интернет пен әлеуметтік желілерде “оңай әрі тез табыс табуға” қатысты түрлі ұсыныстар көбейеді. Алайда олардың артында есірткі тасымалдау, тарату немесе жарнамалау секілді заңсыз әрекеттер тұруы мүмкін.

ІІМ мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік 16 жастан басталатынын ескертті. Заң бойынша жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.

“Бір ғана “жеңіл табыс” бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз”, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Министрлік жастарды әлеуметтік желідегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Оқу үшін