NoFake

Жалған құжаттар арқылы мемлекеттік мүлікті «сату» схемасы әшкереленді

Фото: ҰҚҚ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен Қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ол жалған құжаттар жасау және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану күдігіне ілінді.

ҰҚК мәліметінше, экс-басшы кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты заңсыз ұстап қалу құқығын беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген деген күдік бар. Сонымен қатар мемлекеттік мүлікті төмен бағамен сату салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспегені айтылды.

«Күдікті құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін өткізуге ықпал еткен. Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары негізінде сот санкциясымен қамауға алынды», – деп хабарлады ҰҚК.

Ведомство мәліметінше, борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары да ұсталып, олардың мүлкіне тыйым салынған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Оқу үшін