NoFake

«10 мыңнан астам байқаушы дайын»: «Дауыс» коалициясы Құрылтай сайлауын қалай бақылайды

Фото: NoFake.kz

БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы Құрылтай депутаттарының сайлауының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Коалиция төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, қоғамдық байқауды ұйымдастыру жұмыстары сайлау науқаны басталған сәттен-ақ еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде қолға алынған.

«Қазіргі таңда Коалиция республика бойынша қоғамдық байқаушыларды кешенді даярлау жұмыстарын жүргізуде. Оқыту бағдарламасы шалғай өңірлердегі қатысушыларды да қамтып, сайлау заңнамасын зерделеуге, сайлау учаскелеріндегі жұмыс алгоритмдерін меңгеруге, ақпаратты тіркеу тәртібіне және сайлау процесіне қатысушылармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған», — деді ол.

Ұзақмерзімді бақылау және БАҚ мониторингі

Коалиция өкілдері тек сайлау күні ғана емес, науқанның өзге де кезеңдері жіті бақылауда екенін атап өтті. Коалицияның тең төрағасы Аян Сәлімгереев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Біз ұзақмерзімді бақылауды да қолға алдық. Ол дегеніміз не? Ұзақмерзімді байқау ол сайлау процесін тек сайлау күні емес, жалпы оған дейінгі және одан кейінгі процесті байқау болып табылады. Яғни кешенді түрде бақылау. Сайлау науқаны басталғаннан бастап осы өңірлердегі билбордтар, агитациялық материалдар, одан қалды БАҚ құралдары (мысалы, біз қазір «Хабар 24» арнасын сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін бақылап жатырмыз), ашық алаң, саяси талқы, әлеуметтік желі, үгіт-насихат материалдарының дұрыс жасалуы – осы процестердің барлығына біз қазіргі таңда бақылау жүргізіп жатырмыз», — деді Аян Сәлімгереев.

Байқаушылардың құрамы мен тәжірибесі

Коалиция деректері бойынша, байқаушылардың жас ерекшеліктері мен кәсіби деңгейі әртүрлі әлеуметтік топтарды қамтиды.

«Байқаушылардың 20%-ы 24–35 жас аралығындағылар, 70%-ы – 35–50 жас, ал 10%-ы – 50–65 жас аралығындағы азаматтар. Қатысушылардың 55%-ы –әйелдер, 45%-ы – ер адамдар. Олардың 22%-ы қызмет көрсету саласының мамандары, 15%-ы заңгерлер, 10%-ы ұстаздар мен дәрігерлер», — деді Сәбит Рыспаев .

Сонымен қатар, мамандар дауыс беру күні байқаушылар сайлаудың басынан соңына дейін қатысатынын ерекше атап өтті.

«Байқаушылар барлық процесті қадағалайтын болады: учаскелердің ашылуы, дауыс беру, оның ішінде үй-жайларынан тыс жерлерде дауыс беру, дауыстарды санау, стационарлық және тасымалданатын жәшіктерді ашу, пайдаланылмаған бюллетеньдерді жою және қорытынды шығару», — деді коалция төрағасы Төлеген Күнәділов.

Коалиция өкілдері азаматтар мен байқаушылардан түсетін ақпараттарды жедел қабылдау үшін +7 707 940 2171 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейтінін хабарлады. Ал дауыс беру күні байқаушылар Республикалық ситуациялық орталық іске қосылып, өңірлерден келісетін ақпараттарды үйлестіріп, сараптама жасайтынын айтты.Айта кетейік, бұған дейін біз сайлауалды үгіт материалдарын қайда жариялауға болатыны жайлы жазған болатынбыз.

Оқу үшін