NoFake

Сайлауалды үгіт материалдарын қайда жариялауға болады

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде сайлауалды үгіт материалдарын кез келген жерге — аялдама, қоршаулар, тұрғын үйлердің қабырғаларына немесе ғимараттардың қасбетіне ілуге болады деген пікірлер жиі айтылады. Бұл қаншалықты рас? Nofake.kz заң талаптарын зерттеп көрді.

Заң не дейді?

Сайлауалды үгіт материалдарын орналастыру тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттеледі.

Заңның 28-бабының 6-шы тармағына сәйкес, баспа үгіт материалдарын орналастыру орындарын жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп анықтайды. Бұл үшін арнайы тақта, стенд немесе қалқан орнатылып, барлық кандидат пен саяси партияға тең жағдай жасалуға тиіс.

Үгіт материалдарын басқа жерлерге орналастыруға бола ма?

Иә, үгіт материалдарын барлық заң талаптары сақталған жағдайда расымен басқа жерлерге орналастыруға болады. Конституциялық заңның 28-бабының 7-ші тармағына сәйкес, баспа үгіт материалдарын өзге үй-жайларда, ғимараттар мен құрылыстарда олардың меншік иелерінің немесе иеленушінің келісімімен ғана орналастыруға болады. Яғни кандидат немесе саяси партия жеке ғимаратқа не жарнама конструкциясына үгіт материалын орналастырғысы келсе, алдымен меншік иесінің рұқсатын алуы қажет.

Қандай жерлерге орналастыруға тыйым салынады?

Конституциялық заңның 28-бабының 6-шы тармағына сәйкес, үгіт материалдарын ескерткiш, ескерткіш тұғырға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үй мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайға iліп қоюға тыйым салынады.

Үгіт материалдарын тек арнайы стендке ілу керек пе?

Жоқ. Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, сайлауалды үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, жария сайлауалды іс-шараларын өткізу арқылы, баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы, заңнамада көзделген жағдайларда онлайн-платформалар мен басқа да ақпараттық ресурстар арқылы жүргізуге болады.

Бұл ретте барлық кандидаттар мен саяси партияларға үгіт жүргізу үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етілуі тиіс.

Түйін

Сайлауалды үгіт материалдарын кез келген жерге орналастыруға болады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Конституциялық заңға сәйкес, баспа үгіт материалдары жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары белгілеген арнайы орындарға орналастырылады (28-баптың 6-тармағы). Басқа жерлерге орналастыру тек меншік иесінің келісімімен ғана мүмкін (28-баптың 7-тармағы). Ал ескерткіштерге, тарихи-мәдени және сәулет құндылығы бар нысандарға, сондай-ақ дауыс беру өтетін үй-жайларға үгіт материалдарын орналастыруға заңмен тікелей тыйым салынған (28-баптың 7-тармағы).

Оқу үшін