NoFake

Алматыдағы тұңғыш Президент саябағындағы жазба алынып жатыр — фейк

Фото: sxodim.com

Желіде Алматыдағы тұңғыш Президент саябағындағы жазба алынып жатыр деген ақпарат тарады. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі аталған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мәселе неден туындады?

Желі қолданушысының айтуынша, Алматыдағы тұңғыш Президент саябағының атауы өзгеріп, тіпті саябақтағы жазба да ауыстырылған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Қала әкімдігі не дейді?

Алайда, қала әкімдігі аталған ақпаратты жоққа шығарды. Айтуларынша, қазіргі таңда Президент саябағында абаттандыру және қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Оның ішінде саябақтың кіреберіс аркасы да жаңартылуда. Саябақтың атауы мен оның аумағында орналасқан ескерткіш сақталатынын атап өтеміз. Оларды бұзу немесе атауын өзгерту туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — делінген хабарламада.

Осы ретте, әкімдік азаматтарға жалған ақпарат таратпауға шақырады.

«Көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделген», — делінген әкімдік хабарламасында.

Түйін

Осылайша, Президент саябағында жүргізіліп жатқан жұмыстар саябақты қайта жаңарту және абаттандыруға бағытталған. Ресми мәліметке сәйкес, саябақтың атауы да, аумағындағы ескерткіш те сақталады. Ал оларды бұзу немесе атауын өзгерту туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Осыған байланысты тұрғындарға расталмаған мәліметтерді таратпау ескертіледі.

Оқу үшін