«Яндекс Доставка» атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдап жүр

Фото: Depositphotos
Ресейлік БАҚ-тың бірінде киберқылмыскерлер «Яндекс Доставка» атын жамылып, хабарландыру сайттарының пайдаланушыларын жаппай алдап жүргені туралы материал жарық көрді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Басылымның жазуынша, алаяқтар танымал «Мамонт» схемасының жаңа нұсқасын қолданып, Ресей мен Қазақстандағы азаматтардың қалтасын қағып жүр. «Эфшесть/F6» киберқауіпсіздік сарапшыларының деректеріне сүйенген көршілес әріптестеріміз бұл схема арқылы 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта қаскөйлер 1 миллиард рубльден астам қаражат жымқырғанын айтады. Зардап шеккен әрбір адамның орташа шығыны 11 мың рубльге жеткен. Бүгінгі таңда бұл тәсіл шабуылдар саны бойынша тек телефон алаяқтығынан ғана кейін тұр.
Қос сценарий: алаяқтар қалай жұмыс істейді?
Қауіпсіздік сарапшылары ресми сервис кейпіне еніп, атаулары қасақана қате жазылған (yandex-doctavym.website немесе dostavka-y.website сияқты) 20-дан астам жалған ресурс анықтаған. Алаяқтар мұндай фишингтік беттерді арнайы Telegram-боттар арқылы небәрі бірнеше минутта жаппай жасап шығарады. Қазірдің өзінде бұл схеманы қолданатын топтарда 3 мыңнан астам қатысушы бар.
Алаяқтық схема екі негізгі бағытта жүзеге асады. Оның біріншісі – сатушыларды алдау. Қаскөй хабарландыруды «сатып алушы» ретінде жариялап, келісімді «Яндекс Доставка» арқылы рәсімдеуді ұсынады. Сатушыға тауарды жібермей тұрып ақшаны алу үшін жалған ресурсқа сілтеме жіберіледі. Нәтижесінде жәбірленуші банк картасының деректері мен СМС-кодты енгізген сәтте, ақша түспейді, керісінше шотындағы бар қаражаты шешіліп алынады.
Ал сатып алушылар қалай алданады? Бұл кезде алаяқ «сатушы» рөлінде болады. Клиентке тауарды алғаннан кейін төлеуге уәде беріп, жалған төлем шлюзіне апаратын сілтеме жібереді. Құрбан өз қолымен құпия мәліметтерін енгізіп, бар ақшасын алаяқтарға сыйлап жібереді.
«Сатушыға ақша алу үшін СМС-кодты енгізудің еш қажеті жоқ. Егер сатып алушы сілтеме жіберіп, рәсімдеуге асықтырса, алдыңызда клиент емес, банк картаңызға көз тіккен алаяқ тұр», — деп ескертеді сарапшылар.
Қазақстандағы жағдай қалай?
Ресейлік БАҚ-та тараған бұл ақпараттан кейін редакциямыз Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, елімізде осындай фактілер мен тіркелген қылмыстық істердің бар-жоғын сұраған болатын.
«Мұндай деректер тіркелген жоқ», — деп жауап берді ведомство.
Алайда мұндай деректер тіркелмеген деген сөз бұл схема бойынша ешкім алданып жатқан жоқ дегенді білдірмеуі мүмкін. Адамдардың барлығы мұндай жағдайда бірден полицияға арыз жазуға бара бермейтінін ескерген жөн. Біз Яндекс компаниясына хабарласып, қазақстандық тұтынушылар тарапынан шағым түскен-түспегенін сұрадық.

«Иә, мұндай фишинг жағдайлары шынымен де бар – Қазақстанда және басқа елдерде. Алаяқтар сенімді көріну үшін «Яндекс Доставка» сияқты атауларды пайдаланады», — деп жауап берді компанияның тұтынушыларға қолдау көрсету қызметі.
Сонымен қатар олар тұтынушыларына ешқашан қоңырау шалып, код сұрамайтынын ескертті.
«Яндекс ешқашан қоңырау шалып, WhatsApp немесе күдікті сайттар арқылы карта деректерін, парольдерді немесе СМС-кодтарды сұратпайды. Ақша тек сіздің аккаунтыңыз арқылы есептен шығарылады және оны жеке кабинеттен көруге болады», — деді.
Бұған дейін біз алаяқтар курьерлік жеткізу мен маусымдық жеңілдіктерді қалай пайдаланатынын жазған болатынбыз.


