Карта бұғатталды дегенге сенбеңіз — Ұлттық Банк ескертеді

Фото: nationalbank.kz
Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтардың төлем картасын олардың еркінен тыс бұғаттаумен байланысты телефон-алаяқтығы жиілеп кеткенін еске салады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Банктің мәліметінше, қаскөйлер ашық дереккөздерден (фишингтік сайттар мен қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстен) алынған азаматтардың жеке деректерін қолданып, қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиент атынан жүгінеді.
«Олар банк картасы жоғалғанын айтып, жалған хабардың күшімен төлем картасының бұғатталуына себеп болады. Кейін алаяқтар азаматтардың өзіне қоңырау шалып, өзін банктің немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметі өкілі деп таныстырады. Сөйтіп «картаны бұғаттан шығарамыз» немесе «қауіпсіз шотқа ақша аударамыз» деген желеумен азаматтың шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін SMS-код, интернет-банкингке арналған пароль, болмаса, CVV/CVC-код секілді деректерді алуға тырысады», — делінген хабарламада.
Қаржы ұйымы төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми колл-орталығына хабарласқан дұрыс екенін еске салады. Ұлттық банк бұл ретте қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS-хабарламада көрсетілген пароль мен кодты ешқашан сұрамайтынын және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейтінін айтады.
«Сондай-ақ, банкомат маңын торуылдап жүретін қаскөйлер де кездеседі, олар «картам бұғатталып қалды», «картамды зақымдап алдым» немесе «ақша алатын лимит таусылды» деген түрлі сылтау сөздермен басқа бір үшінші адамның шотына ақша аударуға көмек сұрап, орнына қосымша ақшалай сыйақы уәде етеді. Осыған байланысты да еске саламыз, мұндай аударымдар, әдетте, заңға қайшы әрекет саналып, дропперлік әрекет болып қабылдануы мүмкін», — делінген хабарламада.
Қазақстан Ұлттық Банкі банк картасы мен оның деректерін ешкімге бермеуге, бейтаныс адамға ақша аудармауға, әрдайым қырағы жүруге және кез келген ақпаратты екінші деңгейлі банктердің ресми нөмірлері арқылы колл-орталығына қоңырау шалып, тексеріп алуға кеңес береді.
«Ұлттық Банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне ақшалай салым салуды ұсынбайтынын, қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз», — дейді банк өкілдері.
Ұлттық банк азаматтарға алаяқтық әрекетке тап болса, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береді. Бұл ретте азаматтарға кеңес алу үшін 1477 қысқа нөміріне қоңырау шалып, Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.


