«Ал сен қалай ойлайсың»: Баланың сыни ойлауын дамытудың бес әдісі

Фото: Depositphotos
Балаңыздың «неге» деген сұрағы кейде шаршатуы мүмкін. Бірақ дәл сол сұрақтар оның ойлау қабілетін дамытатын маңызды мүмкіндік. NoFake.kz Сократ әдісі мен «5 неге» тәсілі арқылы баланың сыни ойлауын дамытудың жолдарын ұсынады.
Елестетіп көріңізші: кешкі ас үстінде балаңыз сізге күтпеген сұрақ қойды. Немесе мультфильм көріп отырып, ондағы кейіпкердің ісіне күмән келтірді. Бұл сәтте біз, ата-аналар, көбіне екі жолды таңдаймыз: не дайын жауапты бере саламыз, не «өскенде білесің» деп құтыламыз. Алайда, дәл осындай сәттер — баланың сыни ойлауын дамытуға арналған нағыз алтын уақыт.
Сыни ойлау дегеніміз – баланы біреудің айтқанына соқыр сенбеуге, ақпаратты сүзгіден өткізіп, өз бетінше қорытынды жасауға үйрету. Оны қалай іске асырамыз? Ғылым мен тәжірибені ұштастырған кішігірім «лайфхактарға» бойлайық.
1. Сократ сияқты сұрақ қойыңыз
Ежелгі грек ойшылы Сократ ешқашан дайын жауап бермеген. Ол адамды ақиқатқа сұрақ арқылы жетелеген. Балаңыз «Қар неге ериді?» десе, физика заңдарын түсіндірмей тұрып: «Ал сеніңше неге? Егер қар ерімесе не болар еді?» cұрап деп көріңіз. Бұл баланың миындағы «логикалық қозғалтқышты» іске қосады.
2. «Факт немесе Пікір» детективы
Қазіргі фейк ақпарат заманында бұл дағды ауадай қажет. Баланы ақпаратты ажыратуға үйретіңіз. Мысалы, жарнама көріп отырып:
— «Мына сусынның құрамында қант бар» — бұл факт, оны тексеруге болады.
— «Бұл әлемдегі ең керемет сусын» — бұл пікір, өйткені бәріне бірдей ұнамауы мүмкін. Бұл әдістеме ЮНЕСКО-ның «Медиа және ақпараттық сауаттылық» (Media and Information Literacy) бағдарламасының стандарттарына негізделген
ЮНЕСКО мамандары бұл әдісті медиасауаттылықтың алғашқы баспалдағы деп есептейді. Бұл ойынды басқа да мысалдармен жалғастыруға болады.
3. «5 неге?» әдісі
Бала бір нәрсеге көңілі толмаса, онымен «зерттеуші» болып ойнаңыз. Бұл әдісті кезінде Сакити Тойота ойлап тапқан. Мәселенің түпкі себебін тапқанша, бес рет «Неге?» деп сұраңыз.
— Неге ойыншық сынып қалды?
— Өйткені құлап кетті.
— Неге құлады?
— Өйткені оны үстелдің шетіне қойдым…
Осылайша бала өз әрекеті мен салдарының арасындағы байланысты түсінеді.
4. Қиял мен логиканың тоғысуы: «Егер де…»
Психолог Бенджамин Блум бойынша, ең жоғарғы ойлау деңгейі – жаңа нәрсе жасау және болжау. Оқып жатқан ертегінің сценарийін өзгертіп көріңіздер. «Егер бауырсақ түлкіден қашып кетсе, оқиға қалай аяқталар еді?». Бұл «латеральді ойлауды», яғни мәселенің стандартты емес шешімін табуды дамытады.
5. Қателік — бұл сабақ
Балаңыз қателескенде оны түзетуге асықпаңыз. Когнитивті дамудың атасы Жан Пиаже айтқандай, бала өз қатесін саралау арқылы ғана өседі. «Қателестің» деудің орнына: «Бұл жағдайдан біз не үйрендік? Келесі жолы не істейміз?», — деп талқылаңыз.
Баланың сыни ойлауын дамыту үшін сізге арнайы зертхана немесе қымбат курстардың қажеті жоқ. Сізге тек шыдамдылық пен қызығушылық керек. Балаңыз сіздің пікіріңізбен келіспей, өз уәжін айта бастаса, қуаныңыз. Демек, сіз өз бетінше ойлай алатын, еркін тұлғаны тәрбиелеп жатырсыз!


