Қандастарға басымдылық: Қазақстанның көші-қон саясаты қалай өзгереді

Фото: Deposition
Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асыру аясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет қабылдаған 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрдің сөзінше, қазіргі жағдайда көші-қон саясаты қоғам мен экономикадағы өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр.
«Ең алдымен, біз Қазақстан азаматтарының мүддесін басшылыққа аламыз. Шетелдік жұмыс күші тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартылады, ал көші-қон бағыт-бағдары өңірлер мен нақты жобалардың сұранысына сай қалыптасады. Заң бәріне ортақ, сондықтан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен жалтара алмайды — бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Біздің мақсатымыз — Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі. Көші-қон мәселесі заңды, қауіпсіз әрі толық бақылауда болуға тиіс, тек сонда ғана ол мемлекет пен азаматтардың мүддесіне сай келеді», — деді Аида Балаева.
Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін арнайы тәртіп бар.
«Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады», — деп түсіндірді Аида Балаева.
Ол жаңа саясатта «Заң және тәртіп» қағидаты басты назарда болатынын атап өтті. Министрдің айтуынша, көші-қон талаптарын бұзу мигранттар үшін де, жұмыс берушілер үшін де жауапкершілікке әкеледі, ал қауіпсіздік елге кіруден бастап шығуға дейін толық бақылауда болады..


