2025 жыл жұртты жаңылдырған жалған жаңалықтар қандай

фото: коллаж nofake.kz/
2025 жыл аяқталып келеді. Биылғы жыл жалған ақпараттың рекордтық өсімімен есте қалады деуге толық негіз бар. Анонимді Telegram-арналардың белсенділігі, deepfake технологиясының жедел дамуы және қоғамның сенсацияға құмарлығы жалған жаңалықтардың қарқынды тарауына әсер етті. Тіпті осы тенденцияның күшеюіне байланысты мемлекет дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығын құрып, фейктерді жедел жоққа шығару механизмдерін күшейтті.
Осы орайда nofake.kz/ 2025 жылы ерекше резонанс тудырған, қоғамда кеңінен талқыланған ең ірі фейктер топтамасын назарға ұсынады.
Мұрат Нұртілеудің «ұсталуы» туралы фейк
2025 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің «ұсталғаны» туралы жалған ақпарат тарады. Алғашқы хабарламалардың бірі журналист Гүлнара Бажкенованың Telegram-арнасында жарияланды. Онда министрдің, сондай-ақ бірқатар ҰҚК қызметкерінің ұсталғаны жөнінде «дереккөзге» сүйенген ақпарат берілді. Бұл жазба бірнеше минуттың ішінде түрлі анонимді арналар мен пабликтерге көшіріліп, шұғыл жаңалық ретінде тарап кетті. Белгілі медиа тұлға таратқандықтан, ақпаратқа көп адам сеніп қалды, ал кей сайттар оны ресми растаусыз-ақ жаңалық форматына шығарды.
Жағдай ушыға бастағаннан кейін бірнеше мемлекеттік орган жедел реакция білдірді. ҚР СІМ, ҰҚК бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Бірнеше күн өткен соң, ведомство басшысы Мұрат Нұртілеудің өзі Парламент кулуарында журналистер алдына шығып, ешқандай ұстау фактісі болмағанын, сол күні жұмыс орнында болып, жоспарланған кездесулерін өткізгенін айтты.
Қытайға қатысты жалған ақпараттар мен манипуляциялар

2025 жылы кең тараған фейктердің келесі үлкен тобы — Қытайға қатысты манипуляциялық ақпараттар. Әлеуметтік желілер мен кей сайттарда «Қазақстанға қытайлар қаптап келіп жатыр», «жер қытайларға сатылып жатыр», «нарықты қытайлар «жаулап алды» деген мазмұндағы жалған хабарлар жиі жарияланды. Мысалы, отандық сайттардың бірінде «Қытай Қазақстанның ішкі нарығын барған сайын көбірек жаулап жатыр» деген тақырыппен материал шықты. nofake.kz/ осы ақпараттың шынайылығын анықтау үшін ҚР Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдады. Министрліктің ресми өкілі Гүлжан Калменова бұл мәліметті жоққа шығарып, соңғы бір жылда Қазақстанда қытайлық компаниялардың да, олардың нарықтағы үлесінің де артпағанын ресми түрде хабарлады.
Қытай тақырыбындағы жалған ақпараттың тағы бір мысалы — Алматы облысы Кеген ауданындағы 5538 гектар жердің «қытайлық компанияға сатылғаны» туралы хабарлама. Бұл ақпарат тарағаннан кейін жергілікті тұрғындар алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады. Тексеру нәтижесінде бұл мәлімдеме де шындыққа жанаспайтыны анықталды: аталған жер телімі ешкімге сатылмаған, мемлекеттік меншік ретінде қала береді. Тұрғындардың барлық құқықтары мен жерге қатысты мәртебесі толық көлемде сақталған. Бұл эпизодтар Қытайға қатысты тақырыптардың фейк жасауға ең оңай, ең көп кликбейт пен эмоцияны тез қоздыратын бағыттардың бірі екенін тағы да көрсетті.
Мектептерге және мекемелерге жасалатын «шабуыл» туралы жалған хабарламалар
Сонымен қатар биылғы күзде әлеуметтік желілерде қоғамдық орын, білім беру мекемелеріне жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат көп тарады. Мәселен, Астана, Ақтау, Балқаш, Ақтөбе қалаларындағы мектептерге, көпшілік орындарға шабуыл жасалады деген жалған хабарламалар кең тарады. Полиция бұл қауіптердің негізсіз екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, теракт туралы фейк таратқан ресейлік жасөспірім ұсталды. Таразда да мектептер мен сауда ойын-сауық орталығында үш жарылғыш зат қойылған деген жалған ақпарат тарады. Ал Ақтауда 18 жастағы жергілікті тұрғын Telegram мессенджерінде «Актау» сауда орталығына жарылғыш зат қойылды деген жалған хабарлама жібергені үшін тұтқындалған болатын.
Банк қызметкерлерінің атынан хабарласып, несие рәсімдеу
Сондай-ақ, биыл Қазақстанда алаяқтардың банк қызметкерлері атынан хабарласып, онлайн несие рәсімдеу фактілері көп тіркелді. Мысалы ҚР Ұлттық банкінің ресми мәліметінше былтыр соңғы 6 ай ішінде платформа аясында 17 802 жағдай орын алса, шамамен 1,54 миллиард теңге дер кезінде бұғатталса, биыл антифрод орталығында 90 мыңнан астам инцидент тіркелген. Қаражатты алушы тарапында 328,5 млн теңге, жіберуші тарапында 2 млрд теңге бұғатталған. Нәтижесінде 485,9 млн теңге кері қайтарылған.
ҚҚС жайлы манипуляциялар
2025 жылы ел арасында ҚҚС (қосымша құн салығы ) тақырыбында да жалған ақпарат көп тарады. Салық жарнасының мөлшері 12%-дан бірден 20%-ға көтеріледі, азық-түлік екі-үш есе қымбаттайды деген мәліметтер кеңінен талқыланып, қоғамда алаңдаушылық тудырды. Мұны пайдаланбақ болған кейбіреулер нейрожелілердің көмегімен адамдарды одан сайын үрейлендіруге тырысты. Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ешқандай кулуарлық шешім болмайтынын, кәсіпкерлердің басым бөлігі өз салық режимінде қалатынын мәлімдеді. Жаңартылған экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші тізіміне сәйкес, шамамен 70% кәсіпкер жеңілдетілген режимде қалып, ал 40 млн теңгеге дейін айналымы барлар ҚҚС төлемейтіні айтылды.
Медициналық фейктер

Тек Қазақстан емес, тіпті әлем бойынша қызу талқыланған тақырыптардың бірі — парацетамолдың . Оған АҚШ Президенті Дональд Трамп ғалымдарға сілтеме жасай отырып, парацетамолды жүктілік кезінде ішу іштегі баланың аутизмге ұшырау ықтималдығын жоғарылатады деген мәлімдемесі себеп болған еді. Бұл жаңалық бүкіл әлем тарапынан үлкен талқылауға ұшырап, қазақстандық медиакеңістікте те назардан тыс қалмады. Отандық БАҚ беттерінде белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың кетонал мен парацетамол адам өліміне дейін әкелуі мүмкін деген пікірі бұл тақырыпты одан сайын ұлғайта түсті. De.Media-ға берген сұхбатында дәрігер бұл препараттарды ұзақ қолдану бауыр мен бүйрекке зиян тигізуі мүмкін екенін айтқан. Алайда, nofake.kz/ тілшісі сұрағанда, маман желідегі бейнероликте оның пікірі контекстен жұлынып алынғанын хабарлаған.
Deepfake-видеолардың көбеюі

2025 жылы deepfake технологиясы арқылы жасалған жалған видеолар күрт артты. Елімізге белгілі саясаткерлер, журналистер, өнер жұлдыздары және тағы басқа танымал тұлғалардың жасанды аудио-видеолары қоғамды шатастыру үшін қолданылды. Deepfake – дезинформацияның ең қауіпті формасына айналды. Мысалы алаяқтар Қазатомпром атынан инвестициялық жоба жариялап Димаш Құдайбергеннің, Қанат және Света Айтбаеваның, Мұхтар Жәкішевтің, Айжан Аймағанованың, Дана Нұржігіттің, Дәулет Мұқаевтың дипфэйк видеоларын жасап, халықты арбауға тырысты. Сонымен қатар «Ханшатыр» сауда орталығының кұлауы, «Бәйтерек» монументінің өртенуі, Қырғыз фильмінде көрсетілген зорлық әрекеттері секілді дипфэйктер де тараған болатын.
Перизат Қайрат ісі төңірегіндегі фейктер
Қоғам белсендісі Перизат Қайратқа қатысты нақты қылмыстық іс болса да, оның төңірегінде жалған ақпарат көп тарады. Мысалы желіде Перизат Қайраттың фейк сұхбаты тараған. Онда ерікті ретінде танылған Перизат Қайрат Қаржылық мониторинг агенттігі таққан барлық айыпты жоққа шығарған. Сұхбат мәтінінде алаяқтар танымал қазақстандық банктің атынан жоқ бағдарламаны жарнамалап, «пассивті табыс» уәде етеді. Шын мәнінде, бұл бағдарламаның нақты қаржы ұйымына еш қатысы жоқ және қылмыстық схеманың бір бөлігі болып табылады.
Шерзат Болат өлімі туралы істегі фейктер
Резонансты іс аясында бірнеше жалған ақпарат тарады. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсембай атынан фейк аккаунттар құрылған. Ол туралы мемайыптаушы өзінің Инстаграм парақшасындағы видеосында айтқан. Жалған парақшаларда азаматтар белгілі блогерлерге жазылуға, сілтеме арқылы күдікті сауалнамалардан өтуге, ұтыстарға қатысуға шақырылған. Сонымен қатар қаза тапқан жасөспірімнің әкесіне қылмыстық іс қолзғалды деген қауесет те тараған болатын. Алайда бұл ақпаратты ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев жоққа шығарды.


