Астаналықтардың коммуналдық төлемі неге жазда күрт өсті — Комитет түсіндірді

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желіде Астана тұрғындары жаз мезгілінде коммуналдық қызметтер үшін төлемнің күрт өскеніне шағымдануда. Кейбір қолданушылар жазғы төлем қыс мезгіліндегіден де жоғары болғанын айтады. Коммуналдық төлемдер жазда шынымен қымбаттай ма және түбіртектегі сома неге өсуі мүмкін? Nofake.kz анықтап көрді.
Бұл мәселе әсіресе Threads желісінде қызу талқыланып жатыр. Астана тұрғындарының бірі 78 шаршы метрлік пәтердің жылу ақысы 9 мың теңге болғанын жазса, тағы бір қолданушы 65 шаршы метрлік пәтер үшін коммуналдық төлем 45 мың теңгеге жуықтағанын айтады. Тағы бір тұрғын 80 шаршы метрлік пәтерге 75 мың теңге есептелгенін жазған.

Астанадағы коммуналдық төлемдердің не себепті өскенін және жазғы уақытта мұндай есептеулердің болуы қаншалықты заңды екенін білу үшін редакция тілшісі ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне ақпараттық сұрау жолдады.
«Тарифтердің әрбір өзгеруі қоғамдық тыңдауларда талқыланады, оған жұртшылық ұсынылып отырған тарифтік өзгерістердің негізділігін қарауға тартылады. Сонымен қатар, табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» электрондық базасында (monopolist.gov.kz) цифрландырылған. Оны жаңғырту өтінімдер мен есептерді электрондық форматта ұсынуды қамтиды. Мұнда кез келген мүдделі тұлға ТМС-тердің өтінімдері мен есептерімен таныса алады», — делінген министрлік хабарламасында.
Комитет мәліметінше, тарифтердің өсуінің негізгі себептеріне жылу энергиясын сатып алу, жылу энергиясын беру, электр энергиясы бойынша стратегиялық тауарлар бағасының өсуі, сондай-ақ өңірдегі экономикалық қызмет түрлері бойынша ТМС қызметкерлерінің жалақысының өзгеруі және тағы басқа факторлар жатады.
«Бұл ретте тарифтердің шығыс бөлігіне тек реттелетін қызметтерді өндіруге және ұсынуға тікелей қатысы бар, экономикалық тұрғыдан негізделген шығындар ғана енгізіледі. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер үшін төлем мөлшері нақты тұтыну көлемі мен коммуналдық қызметтердің әрбір түрі бойынша қолданыстағы бекітілген тарифтер негізінде есептелетінін атап өткен жөн», — деді ол.
Сондай-ақ, ведомство жазғы кезеңде коммуналдық қызметтердің жекелеген түрлерін тұтынудың маусымдық ерекшеліктеріне, қайта есептеулер жүргізілуіне, қосымша төлемдердің есепке алынуына (олар болған жағдайда), сондай-ақ есептеу құралдарынан берілген көрсеткіштердің ескерілуіне байланысты есептелген сома қысқы кезеңмен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Осылайша, жекелеген төлем түбіртектеріндегі соманың өсуі коммуналдық қызметтер үшін төлемнің жалпы қымбаттауына емес, нақты дербес шот бойынша есептеулердің ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін», — делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша, жаз мезгілінде коммуналдық қызмет тарифтері автоматты түрде қымбаттамайды. Алайда Астана тұрғындарының жекелеген түбіртектеріндегі төлем сомасы нақты тұтыну көлеміне, қайта есептеуге, қосымша төлемдерге немесе есептеу құралдарының көрсеткіштеріне байланысты қыс мезгіліндегіден жоғары болуы мүмкін.
Комитет коммуналдық төлемдер бойынша негізсіз есептеу анықталған жағдайда, тиісті есеп айырысу орталығына түсініктеме алу үшін немесе уәкілетті органдарға жүгінуге болатынын хабарлады. Сондай-ақ азаматтар өтінішін «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жолдай алады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі «тариф саясаты инвесторларға кедергі келтіре ме» деген сауалға жауап берген еді.


