Вице-Президент пен Премьер-министр қашан тағайындалады

Фото: primeminister.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Құрылтайының бірінші сессиясында Вице-президент пен Премьер-Министрдің кандидатуралары қашан ұсынылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Ата заңға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын», — деді ол.
Мемлекет басшысы аталған лауазымдарға кімдерді ұсынатынын Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң, жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жариялайтынын жеткізді.
«Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек», — деді ол.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталатынын мәлім етті.
«Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы ҚР Құрылтайының алғашқы сессиясы өтіп жатыр. Сондай-ақ заң шығарушы органға неліктен «Құрылтай» атауы берілгенін түсіндіріп, оның ел тарихындағы орны мен жаңа саяси жүйедегі маңызы туралы айтты. Мемлекет басшысы сөзінде тарихи жады мәселесін де көтеріп, ұлттың жадын күмәнді деректермен және бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын атап өтті.


