NoFake

Құрылтай депутаттарына қандай құзырет беріледі: Президент түсіндірді

Фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Құрылтайының бірінші сессиясында депутаттарға қандай құзырет берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.  

Президент Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашатынын мәлімдеді. Ол Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

«Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады.

Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген», — деді ол.

Сондай-ақ Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітетінін, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайтынын жеткізді.

«Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы. Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді», — деді ол.

Мемлекет басшысы осылайша заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейгенін жеткізді.

«Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз. Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады. Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы ҚР Құрылтайының алғашқы сессиясы өтіп жатыр. Сондай-ақ заң шығарушы органға неліктен «Құрылтай» атауы берілгенін түсіндіріп, оның ел тарихындағы орны мен жаңа саяси жүйедегі маңызы туралы айтты. Мемлекет басшысы сөзінде тарихи жады мәселесін де көтеріп, ұлттың жадын күмәнді деректермен және бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын атап өтті.

Оқу үшін