Telegram арқылы басшы атынан ақша сұрайды: ІІМ алаяқтықтың жаңа схемасын әшкереледі

Фото: Pixabay.com
ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтарды соңғы кезде кең таралып жатқан алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Министрліктің мәліметінше, алаяқтар Telegram мессенджері арқылы хабарласып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Олар шынайы басшылардың аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, жалған аккаунттар ашады.
Осыдан кейін ұйым қызметкерлеріне, әсіресе бухгалтерлерге, қаржы бөлімінің мамандарына және ұйым қаражатына қол жеткізе алатын қызметкерлерге жедел түрде ақша аударуды талап ететін хабарламалар жібереді. Хабарламада белгілі бір есепшотқа қаражат жіберу, қызмет ақысын төлеу, тауар үшін ақша аудару немесе басқа да қаржылық операцияларды орындау сұралуы мүмкін.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарға төмендегідей сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- күмәнді хабарламаға сеніп, ақша аудармаңыз;
- қаржылық операцияны орындамас бұрын басшыңызбен телефон арқылы немесе жеке сөйлесіп, ақпаратты нақтылаңыз;
- жіберушінің аккаунтын, телефон нөмірін және хабарламаның мазмұнын мұқият тексеріңіз;
- күмән туындаса, хат алмасуды тоқтатып, бұл туралы ұйым басшылығына және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, қарапайым сақтық шараларын сақтау қаржылық шығынның алдын алып, алаяқтардың құрбаны болмауға көмектеседі.


