Тарихқа қатысты фейктер әлеуметтік желіде тез тарайды – депутат

Фото: Quryltai
Құрылтай сессиясында Құрылтайдың I шақырылым депутаты Шолпан Каринова ұлттық тарихи сананы қалыптастыру және әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихы туралы ақпараттың таралуы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Естеріңізде болса, бұған дейін Мемлекет басшысы ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән беру қажет екенін айтып, тарихи жадты күмәнді және бұрмаланған деректермен «улауға» болмайтынын атап өткен еді.
Құрылтай депутаты Шолпан Каринова қазіргі таңда тарихи сана тек мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайтынын атап өтті. Ол әлеуметтік желілердің ықпалы артып, әсіресе жастар Қазақстан тарихы туралы ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформалардан жиі алатынын жеткізді. Сондықтан депутат тарихи тақырыптағы контенттің қайдан алынғанына және оның қаншалықты нақты екеніне назар аудару қажеттігін ескертті.
«Өкінішке орай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет», – деді ол.
Депутат бұл мәселе тек тарихқа қатысты ақпаратпен шектелмейтінін де атап өтті. Оның сөзінше, халықпен кездескен уақытта, елде жүзеге асырылып жатқан кейбір жұмыстар туралы азаматтар бейхабар болады.
«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе — оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде», — деді ол.
Депутат мемлекеттік ақпараттық саясат тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі керек екенін мәлімдеді. Ол азаматтарға реформалардың мақсатын, нәтижесін және олардың қоғамға ықпалын түсіндіру маңызды екенін жеткізді.
Осыған байланысты депутат Үкіметке ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды ұсынды.
Сонымен қатар Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру, тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау ұсынылды.
Одан бөлек, TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформаларда Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске қосу және тарихи тақырыптағы жалған әрі бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тетік қалыптастыру ұсынылды.
Депутаттың айтуынша, бүгін әлеуметтік желілерде тараған ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарастың қалыптасуына әсер етуі мүмкін.


