Танымал мектептерде оқу баланың табысты болуының кепілі бола ала ма

Фото: pixabay.com
Беделді мектепке түскен оқушылар өмірде де табысты бола ма? Әлде мұндай оқу орындарына түсу балаларға қосымша жүктеме мен күйзеліс бере ме? Nofake.kz зерттеп көрді.
Әлеуметтік желіде еліміздегі танымал мектептерге түсу көрсеткіші жарияланғаннан кейін, ата-аналар аталған мектептерге қатысты қызу пікір-талас өрбіді. Олардың бірі мұндай мектептерге түсу – бала болашағының кепілі десе, енді бірі – жасөспірімдерге қосымша салмақ салатынын, тіпті психикасына әсер ететінін айтқан.

Сонымен мұндай мептепке түсу баланың болашақта табысты болуының кепілі бола ала ма? Мамандарды тілге тартып көрдік.
Cарапшы пікірі
Тәуелсіз сарапшы, білім саласында он жылдан астам қызмет етіп жүрген Кристина Лобанованың айтуынша, соңғы жылдары НЗМ мен БИЛ-ге түсу төңірегінде үлкен дүрбелең туып жүр. Маман, мұндайда ата-аналарға беделді мектептерге емтихан тапсыру – бала тағдырын шешетін маңызды мәселе емес екенін ескертеді.
«НЗМ мен БИЛ сияқты мектептерге түсу нәтижелері бала үшін үлкен эмоционалдық сынақ болуы мүмкін. Себебі, балалар оған ұзақ уақыт дайындалады, сосын оны өміріндегі басты мақсаттарының бірі әрі ерекше қабілетінің көрсеткіші ретінде қабылдайды. Негізінде ол да мектеп, жеткіншектер оған түсе алмаса, ол оның өскенде тұлға болмай қалатынын білдірмейді», — деді маман.
Сарапшы тіпті тарихта элиталық мектептер мен университеттерде оқымаған талай адамдардың өзі өмірде үлкен жетістікке жеткенін еске салды.
«Мен ата-аналарға НЗМ немесе БИЛ-ге түсу – өмірдің басты мақсаты емес, білім алудың көптеген жолдарының бірі ғана екенін үнемі айтамын. Бүгінде сапалы мектептер, білім беру бағдарламалары және даму бағыттары өте көп. Ең маңыздысы – баланың өзіне деген сенімін, оқуға деген ынтасын және өзінің құндылығы бір ғана емтихан нәтижесіне байланысты емес екенін түсіндіру», — деп сөзін қорытындылады маман.
Сандар сөйлейді
Беделді мектептерге түсу бала болашағына қалай әсер етуі мүмкін екенін білу үшін, атақты оқу орындарының өздеріне де хабарласып көрдік. Білім ордалары туралы мәліметтерге жеке-жеке тоқталсақ.
НЗМ – қай бағытта білім береді, неге мән береді?
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу процесі NIS-Programme білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Аталған бағдарлама стратегиялық серіктес Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген.
«NIS жүйесіндегі оқу процесінің ерекшелігі – оқушының білімді дайын күйінде қабылдауымен шектелмей, оны зерттеу, талдау, тәжірибеде қолдану және өз көзқарасын дәлелдеу арқылы меңгеруіне басымдық берілуінде. Оқу барысында оқушылар пәндік білімді нақты өмірлік жағдайлармен байланыстырып, зерттеушілік, аналитикалық, коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларын жүйелі түрде дамытады», — дейді мектеп мамандары.
Мектеп оқушыларының оқу үлгерімі туралы не белгілі?
Мектеп әкімшілігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 оқу жылының қорытындысы бойынша NIS-тің олимпиадалық құрама командасы 9–11/12-сынып оқушылары арасындағы Республикалық пәндік олимпиадада жетекші орындардан көрінген.
«Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша команда соңғы 5 жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық команда» номинациясында Гран-при иегері атанды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша да тұрақты нәтижелер бар. NIS командасы 2021–2022 және 2023–2024 оқу жылдарында Гран-при жеңіп алса, 2024–2025 және 2025–2026 оқу жылдарында 3-орын иеленді», — делінген хабарламада.
Халықаралық пәндік олимпиада көрсеткіштері: соңғы 5 жылдағы нәтиже
2021–2025 жылдар аралығында оқушылар ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жалпы 33 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 8 алтын, 18 күміс және 7 қола медаль бар.

2010–2025 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерін 23 705 оқушы тәмамдаған. Олардың 98,9%-ы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырған. Ал, университеттерге қабылданған түлектердің 91,2%-ы гранттар мен түрлі қаржылық қолдау бағдарламалары негізінде білім алуға мүмкіндік алды.
«Түлектердің 77,9%-ы, Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарын таңдады. Сонымен қатар түлектердің 21%-ы шетелдік жоғары оқу орындарына қабылданды. Аталған кезеңде 874 түлек QS World University Rankings жаһандық рейтингінің топ-100 қатарына кіретін университеттердің студенті атанды», — деп жазылған хабарламада.

РФММ көрсеткіштері қандай?
Еліміз бойынша тағы бір беделді мектептердің бірі – Республикалық физика-математика мектебі. 1972-2026 жж. аралығында білім ордасын 12 мыңнан астам оқушы бітіріп шыққан.
«РФММ түлектері Air Astana, Яндекс, Google, YouTube, Twitter, Meta, Amazon, Oracle, Lyft, SAP сынды отандық және халықаралық деңгейдегі алпауыт компанияларда жұмыс істейді. Қазіргі таңда Астанадағы РМММ-не халықаралық Advanced Placement бағдарламасы енгізілді. Аталған бағдарлама жоғары сынып оқушыларына пәндерді университет деңгейінде меңгеруге мүмкіндік береді. Advanced Placement — АҚШ мектептеріне арнап әзірленген тереңдетілген оқу курстарының бірі», — делінген мектеп әкімшілігі ұсынған хабарламада.
Мектеп әкімшілігі AP бағдарламасының басты артықшылықтары — күрделі академиялық ұғымдарды меңгеру, аналитикалық ойлау қабілетін дамыту және жоғары деңгейдегі оқу дағдыларын қалыптастыру екенін айтады.
«AP емтихандарының нәтижелерін АҚШ, Канада, Ұлыбритания университеттерінің 90%-дан астамы, сондай-ақ әлемнің 50-ден аса еліндегі жоғары оқу орындары мойындайды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ мектепте:
Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі бар. Ол — IT мамандарын даярлау саласында Apple компаниясының халықаралық стандарттарына сай ресми сертификатталған оқу орталығы.
«Яндекс Лицейі» бағдарламасы — Республикалық физика-математика мектебінің Астана және Алматы қалаларындағы алаңдарында 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында Алматы, Астана мектептерінен 600-ден астам оқушы білім алды.
Мектеп NCSS STEM-мектептері атты америкалық элиталық консорциумына енген. Мектеп аталған консорциумгға енген ТМД аумағындағы алғашқы білім ордасы.
Ал, ең бастысы — жыл сайын «Дарын» республикалық-практикалық орталығы жасайтын рейтинг бойынша Алматы қаласындағы «РФММ» КеАҚ филиалы 100 мектептің ішінде 1 орында тұр. Тек былтырғы жылы 30 аса халықаралық білім додасында 120-дан артық медаль жеңіп алды.
Сол сияқты 2025–2026 оқу жылында Астана, Алматы қалаларындағы физмат оқушылары жалпы 102 жүлдеге ие болды. Олардың 18-і алтын, 29-ы күміс, 55-і қола медаль жеңіп алса, 6 оқушы әлемдік деңгейдегі вице-чемпион атанды.

Маманнан түйін
Cонымен еліміздегі ең беделді мектептерде оқу бала болашағына қалай әсер етеді? Мұндай «мәртебе» балалардың психикасын сындырмай ма? Психотерапевт Күләндә Төлендиевадан білдік.
«Қоғамда беделді оқу орнын бітірсең, болашақта міндетті түрде табысты боласың деген түсінік қалыптасқан. Алайда мұндай қағида әрқашан орындала бермейді. Әрине, мұндай мектептер сапалы білім, мықты академиялық орта және дамуға қосымша мүмкіндіктер береді. Бірақ адамның жетістігі тек қай мектепте оқығанымен анықталмайды. Тарихта беделді оқу орындарында оқымағанымен, үлкен жетістікке жеткен адамдардың мысалдары көп», — дейді маман.
Оның сөзінше, керісінше, терең білім – шын өмірде адамдарды бақытты немесе табысты ете алмайды.
«Психоаналитикалық тұрғыдан алғанда, «ғажайып мектеп» бәрін шешіп береді деген сенім адамның күрделі өмірлік мәселелерді «мектеп» арқылы шешемін деген ұмтылысын көрсетеді. Сондықтан, ата-аналар балаға емтихан оның адам ретіндегі құндылығын емес, дәл осы сәттегі дайындық деңгейін ғана көрсететінін емтихан екенін үнемі түсіндіріп отыру керек», — деді ол.
Баласын беделді мектепке сүйреген ата-ана «нарцисс» пе?
Психотерапевт көп жағдайда ата-аналар балаларынан «расымен осындай беделді мектепке түскісі келе ме?» деген сұрақты қоймайтынын айтады. Сөйтіп, өзінің бала күнгі арман-мақсатын енді өз баласына «сіңдіре» біледі.
«Мұндайда бала өз қабілеті мен қалауы бар дербес тұлға ғана емес, сонымен қатар ата-ананың үмітінің, амбициясының және әлеуметтік табыс туралы түсінігінің тасымалдаушысына айналады. Сондықтан ең алдымен баланың өз қалауын ескеру керек. Сосын «Егер бала дұрыс мектепке түссе, оның болашағы жақсы болады» қатқан қағиданы да санадан алып тастау керек. Ешбір мектеп бақытты өмірге кепілдік бере алмайды, дәл сол сияқты ешбір емтихан адамның тағдырын түпкілікті анықтамайды», — дейді маман.
Психотерапевт психикалық даму тұрғысынан баланың әлемге деген қызығушылығын сақтай алуы, қателіктерден сабақ алуы, көңілі қалған сәттерді еңсере білуі және қалауы орындалмаса өзіне деген сенімін жоғалтпауы маңызды екенін айтты. Дәл осы қасиеттер адамның қай мектепте оқығанына қарамастан алға жылжуына мүмкіндік береді, деді ол.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, НЗМ, БИЛ немесе РФМШ сияқты беделді мектептер оқушыларға сапалы білім, мықты академиялық орта және жаңа мүмкіндіктер ұсынғанымен, олар баланың болашақтағы табысының абсолютті кепілі бола алмайды. Мамандардың пікірінше, адамның жетістігі тек алған біліміне немесе оқыған мектебіне емес, оның өмірлік дағдыларына, еңбекқорлығына, қиындықты еңсере білуіне және өзіне деген сеніміне байланысты.
Сондықтан ата-аналар үшін ең маңыздысы – баланы белгілі бір мектепке түсіру ғана емес, оның психологиялық саулығын сақтау, жеке қалауы мен қабілетін ескеру және бір емтихан нәтижесі оның адам ретіндегі құндылығын анықтамайтынын түсіндіру. Өйткені ешбір мектеп бақытты өмірге кепілдік бере алмайды, ал баланың болашағын айқындайтын басты фактор – оның тұлғалық қасиеттері мен үздіксіз дамуға деген ұмтылысы.


