Wildberries арқылы арықтауға арналған қауіпті препараттар сатылған – ШҚО прокуратурасы

Фото: Depositphotos
Өскеменде Wildberries маркетплейсі арқылы арықтауға арналған дәрі ретінде күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату дерегі анықталды. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметінше, өңірде 2025–2026 жылдары прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық іс қозғалып, 21 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асқан.
Өскеменде анықталған деректердің бірі интернет арқылы арықтауға арналған препараттарды сатуға қатысты.
«Өскемен қаласында Wildberries маркетплейсі арқылы арықтауға арналған дәрі ретінде күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату ісі тергелуде. Зайсан ауданында медициналық ұйым қызметкерлерінің пациенттерге құрамында есірткі бар рецепттік препараттарды өткізу фактісі анықталды», – деп хабарлады ШҚО прокуратурасы.
Ведомствоның хабарлауынша, анықталған бірқатар құқықбұзушылық бойынша тергеу жалғасып жатыр. Прокуратура бұл бағыттағы жұмысты уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар тұрғындарға дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек сатып алу және өз бетінше емделу денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Медицина қызметкерлеріне дәрілік заттарды босату тәртібін қатаң сақтау қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін біз Қаржылық мониторинг агенттігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 140 мыңға жуық адамға жалған медициналық көмек көрсетіп, 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырылғанын анықтағаны жайлы жаздық.


