NoFake

Жалған медициналық қызмет көрсету схемасы: МӘМС қаржысы қалай жымқырылған

Фото: Depositphotos

Қаржылық мониторинг агенттігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 140 мыңға жуық адамға жалған медициналық көмек көрсетіп, 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Осы деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Қазір Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.Тергеу мәліметіне сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген, әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.

Агенттік мәліметіне сәйкес бұл облыста келтірілген шығын сомасы 501 миллион теңгеден асып, 2 күдікті қамауға алынды. Астана қаласындағы жеке клиникалардың бірінде заңсыз схема әшекереленген.

«Астанада «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды»,- деп хабарлады агенттік.

Алматы облысында тіс емханаларында да ұқсас жағдай анықталған.

«Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Шын мәнінде пациенттерге ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркеу жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған», — деп мәлімдеді ҚМА.

Нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келтірілген. Агенттік мемлекеттік бюджет қаржысын жымқыруға қарсы бұл бағыттағы тексерулер мен жұмыстар еліміз бойынша жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Оқу үшін