NoFake

Қазақстандағы мұнай-газ жабдықтарының бәрі шетелден әкеліне ме?

Фото: ҚМЖО

Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті жабдықтардың барлығы шетелден импортталады деген пікір жиі кездеседі. Алайда Қазақстан машина жасаушыларының одағы мұнай-газ саласына арналған жабдықтың барлығы импортталады деген пікірге түсініктеме берді.

«Қазақстанда мұнай-газ саласына арналған жоғары технологиялық өнім өндіретін кәсіпорындар саны артып келеді. Ұлттық компаниялармен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттар өндірісті кеңейтіп, қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Мәселен, «Бёмер Арматура» зауыты бір жылдың ішінде өндіріс көлемін 4 997 данадан 5 675 данаға дейін ұлғайтты. Бұл өндірісті жергіліктендірудің нақты нәтижесін көрсетеді», – деді Қазақстан машина жасаушылары одағының баспасөз қызметі.

Одақ мысалға алған кәсіпорын Зауыт мұнай-газ саласы, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымға арналған жоғары технологиялық құбыр арматурасын шығарады. Өнімдері халықаралық API, ANSI және ГОСТ стандарттарына сәйкес келеді.

Кәсіпорын өнімдері «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры, «Мақат – Солтүстік Кавказ», «Талдықорған – Үшарал» сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларда пайдаланылған. Сондай-ақ жабдықтар «Теңізшевройл», Karachaganak Petroleum Operating, NCOC, Павлодар мұнай-химия және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының жобалары үшін біліктілік рәсімдерінен өткен.

Одақтың мәліметінше, кәсіпорын 2026 жылы өндіріс көлемін 6 мың шарлы кранға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар зауыт өнімдегі қазақстандық қамту үлесін кезең-кезеңімен арттырып, бөлшектердің бір бөлігін өзінде өндірсе, қалғанын отандық кәсіпорындармен өндірістік кооперация арқылы дайындайды.

Оқу үшін