Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгеретіні рас па

Фото: Aqorda
Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын және педагогтерін қызметке тағайындау және қызметтен босату қағидалары өзгертілмек. Жаңа ережелерге сәйкес, енді мектеп директорларын қалай тағайындайды? Nofake.kz зерттеп көрді.
Директорлар қалай тағайындалады: желіде жиі қойылатын сұрақ
Әлеуметтік желіде директорлар мен педагогтердің тағайындалуы туралы сұрақ жиі талқыланады.

Жаңа ережелерде не көзделген?
Құжатта көрсетілген, өзгерістерге сәйкес, аудандық немесе қалалық білім бөлімі мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымы бос немесе уақытша бос болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде конкурс өткізу туралы облыстық білім басқармасына жазбаша өтініш жолдауы тиіс. Конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін басшының міндетін оның орынбасары немесе осы білім беру ұйымының педагогі атқарады.
«Бұл мерзім алты айдан аспауы керек. Егер конкурс өтпей қалған жағдайда, басшы міндетін атқару мерзімі тағы бір рет, яғни алты айға ұзартылуы мүмкін», — делінген құжатта.
Кімдер сертификаттаудан босатылады
Енді, жаңа өзгерістерге сәйкес, түзетулер мен сертификаттаудан босатылатын кандидаттардың тізімі кеңейтілді. Олардың қатарында Президенттік жастар кадр резервіне кірген тұлғалар, Назарбаев Университетінің түлектері, сондай-ақ Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алған шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері бар.
Сонымен қатар QS World University Rankings, Times Higher Education (THE) және Academic Ranking of World Universities (ARWU) халықаралық рейтингтерінің үздік 100 жоғары оқу орнының түлектері де сертификаттаудан босатылады.
«Бұл ретте кандидаттардың тиісті бейін бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық не өзге де кәсіби білімі, сондай-ақ педагогикалық қайта даярлаудан өткенін растайтын құжаты болуы тиіс», — делінген құжатта.
Қалған кандидаттар бірінші басшы лауазымына орналасу үшін нормативтік құқықтық актілерді білу бойынша сертификаттаудан және мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын тестілеуден өтеді.
Конкурсқа қатысу үшін қазақ тілінен кемінде В1 деңгейінде тестілеуден өз бетінше өту қажет.
Сертификаттаудың шекті деңгейі әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша дұрыс жауаптардың 50 пайызы болып белгіленді.
Конкурс жеңімпазы қалай анықталады
Конкурс қорытындысы бойынша шешімді конкурстық комиссия кандидаттардың жинаған балл санына қарай қабылдайды. Ең көп балл жинаған кандидат конкурс жеңімпазы деп танылады. Егер бірнеше кандидат бірдей балл жинаса, соңғы шешім комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып саналады.
«Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда конкурстық комиссияның құрамы қайта қаралады. Мүдделер қақтығысы туындаған немесе оның туындау мүмкіндігі бар комиссия мүшесі бұл туралы комиссия төрағасына немесе конкурсты жариялаған мемлекеттік органның басшысына жазбаша түрде хабарлауы тиіс», — делінген хабарламада.
Өтініш бойынша қабылданған шешім хаттамамен рәсімделеді, ал комиссия құрамына тиісті өзгерістерді мемлекеттік орган бір жұмыс күні ішінде енгізуі керек.
Құжаттарды электронды немесе қағаз түрінде тапсыруға бола ма?
Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Кандидаттар өтініш пен қажетті құжаттарды электронды немесе қағаз түрінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, қызмет көрсетушінің кеңсесі немесе «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы бере алады.
Директордың еңбек шарты аяқталғаннан кейін не болады?
Басшының еңбек шартының мерзімі аяқталғаннан кейін оның міндетін атқару мәселесі де жеке реттелді.
«Бірінші басшының және білім беру ұйымының басқару органының келісімімен ол конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін басшының міндетін атқарушы болып тағайындалуы мүмкін. Алайда бұл мерзім алты айдан аспауы тиіс», — делінген құжатта.
Міндеттерді атқару еңбек шартына қосымша келісіммен және тиісті бұйрықпен рәсімделеді.
Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін еңбек шарты бұзылуға жатады. Бұл ретте еңбек шартын бұзу туралы хабарламаның болмауы шартты белгісіз мерзімге автоматты түрде ұзартуға негіз болмайды.
Кадр резерві және «Жайлы мектептер»
Өзгерістер сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерге кадр резервіне қатысушыларды басым тәртіппен тағайындауды көздейді. Кадр резервіне енгізілген бірінші басшылардың орынбасарлары осындай мектептердің бірінші басшылары немесе бірінші басшыларының орынбасарлары лауазымдарына бірінші кезекте тағайындалады.
Ал кадр резервінде тұрған педагогтер жоба аясында салынған мектептердегі директорлардың орынбасарлары лауазымдарына тағайындалу кезінде басымдыққа ие болады.
Бұдан бөлек, жаңа ережелер бойынша педагогтерді конкурстық және конкурстан тыс тәртіппен тағайындау рәсіміне де өзгерістер енгізілді. Құжат 6 — қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі деп күтіліп отыр.


