NoFake

Қашықтан оқыту: мұғалімдер мектепте отыруға міндетті ме

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желіде оқушылар қашықтан оқу форматына өткен сәтте, мұғалім міндетті түрде мектептен сабақ өткізуі тиіс пе деген тақырып қызу талқыға түскен. Nofake.kz мәселенің мән-жайын ҚР Оқу-ағарту министрлігінен біліп көрді.

Ведомство ұсынған мәліметтерге сәйкес, ҚР «Білім туралы» Заңының 1-бабы, 38-ші тармақшасына сәйкес қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтан, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып өзара іс-қимыл жасауы кезінде жүзеге асырылатын оқыту болып есептеледі.

Министрлік ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы №349 «Білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну талаптарын және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту қандай жағдайларда жүзеге асырылатынын түсіндіріп өтті:

  • тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай енгізілген, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин жарияланған, төтенше жағдайлар орын алған кезде;
  • қолайсыз ауа райы метеожағдайларында;
  • білім алушының денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы болған жағдайда;
  • білім алушылардың халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге қатысуы кезінде;
  • ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің өтініші бойынша. 

Министрлік хабарламасында қашықтан оқыту «білім беру процесіне қатысушылардың орналасқан жеріне қарамастан» жүзеге асырылатыны айтылады.

«Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі. Осыған орай педагогтердің жұмысын ұйымдастыруды нақты білім беру ұйымы айқындайды. Егер еңбек шартында қашықтан жұмыс істеу көзделмесе және қызметкерлерді қашықтан режимге көшіру туралы бұйрық болмаса, педагог белгіленген жұмыс орнында (мектепте) жұмыс істеуге міндетті», — деп түсіндірді ведомство мамандары.

Сондай-ақ, ведомство мемлекеттік білім беру ұйымының басшысы білім алушылар қашықтан оқытылған жағдайда, педагогтің жұмыс орнында болуын қандай жағдайларда талап ете алатынын атап өтті:

– еңбек шартында жұмыс орны мектеп деп белгіленсе;

– қызметкерлерді қашықтан жұмысқа көшіру туралы бұйрық болмаса;

– еңбек және қауіпсіздік талаптары сақталса. 

Айта кетейік, биыл қыста еліміздің солтүстік, шығыс, батыс өңірлері мен Астана қаласында мектеп оқушылары ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше рет қашықтан оқу форматына өткен еді.

Оқу үшін