Онлайн-курс өткізетін блогерлер мен балгерлерге қандай талап қойылады- Ақпарат министрі түсіндірді

Фото: magnific.com
Қазақстанда онлайн-курс авторларына оқытатын саласы бойынша диплом немесе сертификатын көрсетуді міндеттеу ұсынылды. Ал балгерлік қызмет туралы жазбада оның ойын-сауық сипатында екенін ескерту көзделген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты екі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оның бірі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейді. Құжаттар Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген.
Білімі туралы мәліметті кім көрсетуге тиіс?
Ұсынылған талап онлайн-платформада білім беру курсын немесе белгілі бір сала бойынша оқу материалын жариялайтын пайдаланушыларға қатысты. Автор тиісті білімі барын растайтын дипломы немесе сертификаты туралы мәліметті сол материалмен бірге жариялауға тиіс.
Балгерлік қызмет туралы жазбаларға бөлек талап ұсынылды. Жобаға «оккульттік қызметтер» ұғымы енгізілген. Оған адамның табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеті бар деген мәлімдемеге негізделген қызметтер жатады. Мұндай қызмет туралы жарияланымда оның ойын-сауық сипатында екенін және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағанын ескерту қажет.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін не өзгереді?
Заң жобасында 16 жасқа толмаған пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу көзделген. Бұл шектеу жедел хабар алмасу сервистеріне қолданылмайды.
Уәкілетті органға онлайн-платформаларда 5 мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылардың тізілімін жүргізу құзыретін беру ұсынылды. Бұл меже тізілімге енгізуге қатысты. Ал оқу материалын жариялайтын автордың білімі туралы талапта жазылушы санына қатысты шарт көрсетілмеген.
Онлайн-платформалар мен БАҚ-қа қандай міндет жүктеледі?
Жобада құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформаларға әкімшілік жауаптылық енгізу көзделген. Олардың Қазақстандағы өкілдіктері міндетті есептік тіркеуден өтуге тиіс. Өкілдік уәкілетті органның Қазақстан аумағында заңсыз контентті жою туралы нұсқамасын орындамаса, ол да әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Бұған қоса, масс-медиа мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөз қолданғаны үшін жауаптылық енгізу ұсынылды.
БАҚ-қа мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын жариялағанда арнайы белгі қою міндеті жүктелмек. Телеарналар мен радиоарналар еркін қолжетімді арналар тізбесіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде хабар тарата бастауға тиіс. Сондай-ақ жобада «аудиовизуалды платформа» ұғымы енгізіліп, оның операторларының жұмыс тәртібі айқындалады.


