Фейк пен тексерілмеген ақпарат таратқан Құрылтай депутаттары кешірім сұрайды

Фото: Aqorda
Депутат жалған немесе тексерілмеген дерек таратса, одан зардап шеккен азаматтар мен ұйымдардан көпшілік алдында кешірім сұрауға міндетті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Құрылтай депутаттары жаңа Регламентті қабылдады. Құжаттың жеке тарауы депутаттық әдепке арналған. Онда депутаттардың көпшілік алдында өзін ұстауы және ақпаратты пайдалану тәртібі белгіленген. Енді депутаттар сөз сөйлегенде тек шынайы әрі тексерілген деректерге сүйенуге міндетті.
«Депутат бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз конференцияларында, митингілерде, басқа да көпшілік алдында сөйлеген сөздері мен мәлімдемелерінде тек шынайы және тексерілген деректерді пайдалануға, қоғамды жаңылыстыратын мәлімдемелерге жол бермеуге, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді қолданбауға міндетті. Егер депутат сыни пікір білдіру кезінде әдейі немесе абайсызда шындыққа жанаспайтын не тексерілмеген деректерді пайдаланса, мүддесі мен ар-намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдардан және азаматтардан көпшілік алдында кешірім сұрауға тиіс», — делінген Регламентте.
Сондай-ақ депутаттарға белгілі бір ақпаратты жария етуге шектеу қойылады. Олар өз өкілеттігін атқару кезінде белгілі болған, Құрылтай мен оның органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты мәліметтерді жариялай алмайды.
Бұл талаптардың сақталуын Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қадағалайды. Кеңес депутаттардың БАҚ пен онлайн-платформалардағы сұхбаттарын, мақалаларын және басқа да жария сөздерін бақылап, азаматтар мен ұйымдардың шағымдарын қарай алады.
Егер Кеңес депутаттық әдеп талаптарының бұзылғанын байқаса, Құрылтай төрағасына материалдарды Орталық сайлау комиссиясына жолдауды ұсына алады. Ал ОСК заңбұзушылықты растаса, Кеңес депутатқа тиісті шара қолдану туралы ұсыныс енгізе алады.


