NoFake

Фейк: «Фейс» есімді әскери итке Иракта сарбаздарды құтқарғаны үшін «Ерлік медалі» берілді

Фото: Snopes.com

АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірі Джордж Буш Ирактағы өртенген танктен бес сарбазды құтқарған «Фейс» есімді әскери итке «Ерлік медалін» табыстағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды NoFake.kz Snopes басылымына сілтеме жасап.

Facebook пайдаланушылары Иракта бес сарбазды құтқарамын деп күйік шалған әскери ит туралы жазды. Онда «Фейс» есімді  ит бетінен айырылып, «Медаль алған алғашқы K9 (әскери ит)» атанды делінген. Жазбаға әскери қызметкерлердің көз жасына ерік бергені, мойнына Ерлік медалін таққан, беті ауыр жарақаттанған иттің суреті тіркелген.

Скрин Snopes.com

Facebook-тегі жазбаларда оқиға былай өрбиді:

«Фейс өртеніп жатқан танкке жүгіріп кірді. 5 рет. 5 сарбазды құтқарды. Бетінен айырылды. Жүнінен айырылды. Жүрегін сақтап қалды. Алғашқы K9 Ерлік медалі иегері. «Фейс пен кіші сержант Маркус Уэбб жақын жерде болатын. Жарылысты естіп, көмекке ұмтылды. Танкті өрт шарпыды. Бес сарбаз ішінде қамалып қалды. Люктер зақымданған, жалын тез жайлады. Уэбб люкті ашуға тырысты. Тым ыстық еді, қолын күйдіріп жіберді. Сол кезде Фейс шешім қабылдады. Ол командир люгі арқылы кішігірім саңылаудан тозақ отының ішіне қойып кетті…», — деп жазылған.

Фейстің зақымданғанына қарамастан, барлық сарбазды қалай аман алып шыққаны егжей-тегжейлі баяндалады.

«Эвакуация. Төтенше жағдай. Фейстің жағдайы өте ауыр. Ол аман қалды. Оған он жеті операция жасалды. Түрі қайта қалпына келтірілді. Дегенмен, Фейс енді ешқашан кәдімгі итке ұқсамайды. Ол… күйіктен аман қалған жанға ұқсайды. Ауыр. Мәңгілік. Бірақ ол тірі. Бес сарбаз да тірі.  

Пентагон. 2008 жыл. Марапаттау рәсімі. Фейс Ерлік медалін алуда. Тарихтағы ең алғашқы K9. Президент Буш медальды Фейстің жарақаттанған мойнына тақты», — деп аяқталады жазба.

Дәл осы оқиға Facebook-те мүлде басқа иттердің суреттерімен де тараған.

Шындығында: Бірде-бір ит бұрын-соңды Ерлік медалін (Medal of Honor) алмаған. Барлық дәлел бұл оқиға мен суреттердің жасанды интеллект (AI) құралдары арқылы жасалғанын көрсетеді. Сондықтан біз бұл ақпаратты «жалған» деп бағалаймыз, — деп жазды Snopes.

Оқиғадағы нақты деректер — яғни, Фейс есімді иттің 2007 жылы Иракта қызмет еткені және 2008 жылы Ерлік медалін алғаны туралы ешқандай ресми дәлел жоқ.

Фейс есімді ит Конгрестің Ерлік медалі қоғамының Иракта қызмет еткен немесе 2007 жылы бұл награданы алған ардагерлер тізімінде жоқ.

Оқу үшін