Блэкаут туралы жалған ескерту: Apple мен АҚШ-тың құпия желісінде не болды?

Иллюстрация: MidJourney.
17 қарашада Ұлыбританияда жарық жаппай өшеді деген жалған хабар тарады. Сол күні Apple сервистері мен АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің ішкі желісінде ақау тіркелді. Apple ақауға жүйені жаңарту себеп болғанын мәлімдеді. Ал агенттіктің желісіндегі ақауға қатысты алғашқы мәліметтерде кибершабуыл белгілері байқалмағаны айтылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ұлыбританияда жарық жаппай өшеді деген ескерту жалған
Әлеуметтік желіде National Grid атынан тараған хабарламада электр желісінде «күрделі ақау» шыққаны айтылған. Жазбаға сенсек, 19 қараша күні сағат 16:00-ден бастап тұрғын үйлер мен кәсіпорындар ұзақ уақыт жарықсыз қалуы мүмкін. Қосымша ақпарат алу үшін компанияның сайтына сілтеме де берілген.
«Электр қуатының өшуі күтілмейді», – деп хабарлады National Grid X желісіндегі ресми парақшасында. Reuters журналистері жазбадағы сілтемені ашқанда, «Бет табылмады» деген хабар шыққан. Компанияның жоспарлы үзілістер кестесінде де мұндай ескерту болмаған.
Apple сервистері неге істен шықты?
17 қарашада бірқатар пайдаланушы iCloud аккаунтына кіре алмай, Apple Pay арқылы төлем жасауда қиындыққа тап болды. Apple-дің сервистердің күйін көрсететін ресми парақшасында App Store мен Apple Music жұмысында да ақау тіркелгені көрсетілген.

Apple Reuters агенттігіне ақау ішкі жүйелерді жаңарту кезінде туындағанын, оның кибершабуылға қатысы жоқ екенін хабарлады. Компания түсініктеме берген кезде жүйелердің көбі қайта іске қосылған.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің желісінде не болды?
Сол күні АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) қызметкерлері құпия ақпарат алмасатын NSA Net желісінде де ақау болды. Агенттіктің мәліметінше, жоспарлы техникалық жұмыстар кезінде кейбір ішкі жүйелердің жұмысы уақытша бұзылған. Ведомство ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажет негізгі жүйелері қалыпты жұмыс істегенін мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, кибершабуыл белгілері байқалмаған. CBS News тілшілеріне сұхбат берген екі дереккөз ақауды бағдарламалық жасақтаманы жаңартумен байланыстырған. Агенттік ақаудың нақты техникалық себебін әзірге жариялаған жоқ.


