Фейк аккаунтқа біреудің суретін жүктеу: заңда не көзделген

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде біреудің фотосын алып, соның атынан фейк парақша ашатындар кездеседі. Nofake.kz мұндай әрекет үшін, заңда не көзделгенін анықтап көрді.
Көпшіліктің айтуынша, желіде жаған аккаунт ашатындар жетерлік.

Заңда не көзделген?
Адвокат Назар Абиновтың айтуынша, басқа адамның фотосуреттерін иесінің келісімінсіз пайдалану, жалған аккаунттар ашу және солар арқылы өзге адамның атынан әрекет ету ҚР заңнамасын бұзу болып табылады және азаматтық-құқықтық, әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
«Ең алдымен, мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 143-бабында көзделген азаматтың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау құқығын, 144-бабында бекітілген жеке өмір құпиясын қорғау құқығын, сондай-ақ 145-бабында кепілдік берілген өз бейнесіне құқықты бұзуы мүмкін. Аталған бапқа сәйкес, заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың бейнесін (фотосуретін) оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді», — деп түсіндірді ол.
Заңгер адамдардың фотосуреті дербес деректерге жататынын жеткізді. Сондықтан оларды субъектінің келісімінсіз жинау, өңдеу, тарату және ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының талаптарына қайшы келеді. Осылайша, өзгенің фотосуреттері мен дербес деректерін заңсыз пайдаланған тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Егер мұндай әрекеттердің салдарынан азаматқа мүліктік залал келтірілсе, ол ҚР Азаматтық кодексінің 9 және 917-баптарына сәйкес келтірілген залалды толық өтеуді талап етуге құқылы. Сонымен қатар, жәбірленуші Азаматтық кодекстің 951-бабына сәйкес моральдық зиянды өтеуді де талап ете алады», — деді ол.
Ал егер құқық бұзушы өзгенің фотосуреттері мен дербес деректерін адамдарды жаңылыстыру, жалған хабарландырулар жариялау, тауар сату немесе ақша алу мақсатында пайдаланса, оның әрекеттерінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында көзделген алаяқтық белгілері болуы мүмкін.
«Сондықтан интернетте жалған аккаунт ашып, басқа адамның фотосуреттерін пайдалану ойыншық емес. Жағдайға қарай мұндай әрекеттер келтірілген залалды өтеу, моральдық зиян үшін өтемақы төлеу міндетіне, ал жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғуы мүмкін», — деп түсіндірді маман.
Мұндай заңсыз әрекетке жол бермеу үшін төмендегі кеңестергі құлақ түруге кеңес береміз:
Басқа адамның фотосын рұқсатсыз пайдалануға болмайды. Қазақстан заңына сәйкес, азаматтың фотосуретін оның келісімінсіз қолдануға заңда көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда тыйым салынады.
🔹 Фотосурет – дербес дерек. Сондықтан оны жинау, тарату немесе пайдалану адамның келісімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс.
🔹 Егер сіздің суретіңізді рұқсатсыз пайдаланса:
- фотосуретті алып тастауды талап ете аласыз;
- келтірілген материалдық шығынды өндіріп алуға құқылысыз;
- моральдық зиян үшін өтемақы талап ете аласыз.
🔹 Ал фейк аккаунт арқылы адамдарды алдап, жалған хабарландыру жариялап немесе ақша жинаса, мұндай әрекет алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін. Бұл жағдайда қылмыстық жауапкершілік те қарастырылады.
Түйін
Біреудің суретін алып, фейк аккаунт ашу немесе сол адамның атынан әрекет ету заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген әрекетте өзгенің жеке деректері мен құқықтарын құрметтеген дұрыс.


