NoFake

Дипфейк пен жалған брокерлер: ІІМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады

Фото: Polisia.kz

Қазақстанда дипфейк технологияларын пайдаланып, жалған инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттейтін интернет-алаяқтар көбейген. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырып, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен танымал тұлғалардың бейнесін қолданатын дипфейк-видеолар таратады. Сол арқылы олар азаматтарды түрлі инвестициялық жобалар мен қорларға ақша салуға үгіттеп, қысқа мерзімде жоғары әрі «кепілдендірілген» табысқа кенелетінін уәде етеді.

«Қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дипфейк технологияларын пайдаланып, танымал тұлғалардың бейнелерін қолдану арқылы азаматтарды түрлі инвестициялық жобалар мен қорларға қаражат салуға үгіттейді. Бұл ретте олар азаматтарға жылдам әрі кепілдендірілген табыс табуға уәде береді», – деп ескертті ІІМ.

Ақша аударылғаннан кейін алаяқтар байланысын үзіп, уәде етілген табыс берілмейді. Кейбір жағдайда олар «салық», «сақтандыру жарнасы» немесе басқа да төлемдерді сылтауратып, қосымша қаражат талап етуді жалғастырады.

ІІМ барлық анықталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау, ұстау, сондай-ақ алаяқтық интернет-ресурстар мен заңсыз ақша аудару арналарының жұмысын тоқтату бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Министрлік қандай кеңес береді?

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарға:

  • «кепілдендірілген табыс» туралы ұсыныстарға сенбеуге;
  • белгісіз адамдарға немесе күмәнді есепшоттарға ақша аудармауға;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеуге және тексерілмеген қосымшаларды жүктемеуге;
  • инвестициялық компанияларды тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік тізілімдер арқылы тексеруге;
  • инвестиция салмас бұрын тек лицензиясы бар, ресми жұмыс істейтін компанияларға ғана жүгінуге кеңес берді.

Егер интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе осындай әрекеттер туралы ақпарат білсеңіз, ІІМ тұрғылықты жеріңіздегі полиция бөлімшесіне немесе 102 нөміріне дереу хабарласуға шақырды.

Оқу үшін