Дербес деректерді қорғау: киберқауіпке қарсы күрес күшейтіледі

Фото: depositphotos
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев киберқауіптерге қарсы күрес күшейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Үкімет басшысының орынбасарының хабарлауынша, министрлік дербес деректерді қорғау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, деректерді сақтаудың нақты мерзімдері мен өңдеу ережелері белгіленді. Осылайша, Egov Mobile мобильді қосымшасында азаматтардың дербес деректерін өңдеуге келісімін кері қайтарып алу тетігі енгізілді. Сондай-ақ, жеке деректерді қорғау бағытында «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.
«Дербес деректер операторларының тізілімін құру, сондай-ақ деректердің бұзылуы туралы азаматтарды хабардар ету міндеті жоспарлануда. Конституциялық реформа шеңберінде деректердің жаппай таралып кетуіне қатысты қосымша қылмыстық жауапкершілік енгізіледі», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Оның сөзінше бұл бастаманың мақсаты – деректерді қорғауды күшейту, азаматтардың цифрлық қызметтерге деген жауапкершілігі мен сенімін нығайту.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама жасайтындарға ескерту жасаған еді.


